Теміртау қаласында заңсыз майнинг фермасын ұйымдастыру фактісі Қарағанды облыстық прокуратурасының үйлестіруімен Қаржылық мониторинг агенттігімен анықталды.
Күдіктінің Теміртау қаласындағы өндірістік база аумағында металл контейнерлерде криптовалюта өндіру үшін арнайы жасалған есептеу құрылғыларының кешенін орнатқаны анықталды.
Тінту барысында объектіден 156 бірлік майнинг жабдықтары (ASIC) және басқа да қосалқы құрылғылар табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр.
"Тергеу аясында Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпараттар жариялануға жатпайды. Биыл заңсыз майнингтік фермаларды ұйымдастырудың 11 фактісі анықталды, олардың қылмыстық табысының жалпы сомасы 440 миллион теңгені құрады. Тергеу барысында 269 миллион теңге сомасында майнингтік жабдықтары тәркіленіп, 373 миллион теңге сомасында цифрлық активтер өндірілді", – делінген хабарламада.
Сотқа жіберілген екі қылмыстық іс бойынша жалпы қылмыстық табыс 216 миллион теңге болды. Осы істер шеңберінде 1,1 миллиард теңгелік мүлік пен 30 млн теңгеден астам цифрлық активтерге тәркіленді.
Айта кетейік, криптовалюта өндіру саласындағы заңсыз қызмет елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан төндіретін тәуекелдердің туындауына әкеп соғады, тұтынушылар мен кәсіпкерлерге электр энергиясын жеткізудің іркілу және тапшылық тәуекелдері артады.
Қаржылық мониторинг агенттігі аталған қызмет түріне тиісті лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етілгенін ескертеді.