Қазақстанда жеке кәсіпкерлердің саны азайып барады. Жыл басынан бері 327 мыңнан астам ЖК кәсіпкерлер қатарынан шығарылған. Бұған жаңа Салық кодексінің күшіне енуі себеп болған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алайда жеке кәсіпкерлер санының қысқаруы олардың барлығы бизнесін тоқтатты дегенді білдірмейді. Бұрын ЖК ретінде тіркелген азаматтардың бір бөлігі жаңа салық режиміне өтіп, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қатарына қосылған. Қазір елімізде шамамен 1,5 миллион жеке кәсіпкер бар. Былтыр олардың саны 1,8 миллионнан асқан еді. Салық талаптарының өзгеруіне байланысты такси жүргізушілері, курьерлер, шаштараздар, пәтерін жалға берушілер және басқа да азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтушылар ретінде тіркеле алады.
Жаңа режим бойынша адам жұмысшы жалдай алмайды. Ай сайынғы табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен, яғни биыл шамамен 1,3 миллион теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар бұл режим мемлекет белгілеген 40 түрлі қызмет түріне ғана қатысты.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар есеп тапсырмайды. Табысының 4%-ы әлеуметтік төлемдерге, медициналық сақтандыруға және зейнетақы жарналарына бағытталады. Қаңтардан бері өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде 689 мың адам тіркелген. Олардың 87%-ы бұған дейін жеке кәсіпкер болған. Жаңа режимге өткендердің басым бөлігін курьерлер мен такси жүргізушілері құрайды.
Салық сарапшысы Айдар Масатбаевтың айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың табысы өскен жағдайда жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режиміне ауыса алады. Алайда одан әрі бизнесті кеңейтуге кейбір кәсіпкерлердің қызығушылығы төмендеуі мүмкін.
"Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар табысы артып кетсе жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режиміне ауыса алады. Бірақ одан ары қарай өскісі келмейді. Себебі жалпыға бірдей режимге көшсе 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығын, одан бөлек 16 пайыз қосылған құн салығын төлеуге міндеттеледі. Шығыннан қашқан соң кәсіпкерлер бір орында қалады", – деді ол.
Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, жеке кәсіпкерлер санының көп болуы экономиканың жағдайын толық көрсетпейді.
"Жеке кәсіпкерлер кәсібінің салығын азайту арқылы ұсақталып кету қаупі бар. Бізге бірінші кезекте кәсіпкерлікпен айналысу үшін олардың саны емес, құрылымдық және қызмет көрсеткіштеріне назар аударуымыз қажет. Аз болса да, экономикалық белсенді салық төлейтін азаматтардың көлемі керек. Біздегі көп ИП-ның саны бар, сапасы жоқ", – деді экономист.
Осылайша, сарапшылар ЖК санының азаюын бизнестің жаппай жабылуы деп бағалауға болмайтынын айтады. Дегенмен жаңа салық режимдерінің кәсіпкерлердің бизнесті кеңейтуіне және бюджет кірістеріне ықпалы алдағы уақытта анық байқалуы мүмкін.