Үкімет вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы премеьер-министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.
"Қазіргі уақытта вейп-өнімнің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма реттеушілік әсерге талдау рәсімінен өтіп жатыр. Үкімет осы норманы қолдайды. Реттеушілік әсерге талдау қорытындысы бойынша "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске түзетулер ұсынылады", – деп жазылған жауапта.
Сондай-ақ премьер-министр "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы Мәжілістің қарауында екенін еске салды.
Онда кодекстегі "вейп" және "электрондық сигарета" ұғымдарын бөлуге, 21 жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін (вейптерді) және оларға арналған сұйықтықтарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге қатысты түзетулер талқыланып жатыр.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, 33 елде никотинді тұтынудың электрондық жүйелері мен вейптерді сатуға тыйым салынған. Олардың қатарында Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Тайланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Катар, Оман, Иордания бар. Сондай-ақ 79 елде бұл өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, жарнамалауға, насихаттауға және демеушілікке тыйым салатын немесе қаптамада денсаулыққа зиян туралы екендігі ескертулерді көрсетуді талап ететін кем дегенде бір ішінара шара қабылданған.