Тікелей эфир

Қазақстанда Үндістанның Республика күнін атап өтілді. Екі елді не байланыстырады

1950 жылы 26 қаңтарда Үндістан Конституциясын қабылдап, Республика атанды.

Алматылықтар Үндістанның Республика күнін атап өтті. Исламбек Раимов сыртқы істер министрлігінің атынан Үндістан Республикасының 75 жылдығымен құттықтады. Ол Үндістанның тәуелсіздік жылдары халықаралық жүйеде маңызды елге айналғанын, Азияда ғана емес, бүкіл әлемде мәдени және экономикалық орталықтың бірі екенін атап өтті.

"Көп ғасырдан бері Қазақстан мен Үндістан арасындағы өзара түсіністік пен сенімге, құрметке негізделген қатынас жалғасып келеді. Екі ел арасындағы тарихи байланыс сенімді диалогқа, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынасқа негізделді. Стратегиялық әріптестік жөніндегі келісім дипломатиялық қатынастардың дамуында маңызды рөлге ие. Биыл біз серіктестіктің 15 жылдығын атап өтеміз. Екі ел арасындағы бизнес те байланыс орнатып, бірлескен кәсіпорындар саны да артып келеді. Қазақстан мен Үндістан арасындағы 32 жылдық дипломатиялық қарым-қатынастар екі жақты серіктестікті дамытудың дұрыс бағдары таңдалғанын көрсетеді", – деді Исламбек Раимов.

Ол Алматыда оқитын үнді студенттерінің саны артып келе жатқанын және олар екі халық арасындағы достық қарым-қатынастарды тереңдете түседі деп сенетінін айта өтті.


Оқи отырыңыз: "Өмір сүру туралы білім". Алматыда үнді дәстүрлі медицинасының күні атап өтілді


1950 жылы 26 қаңтарда Үндістан Конституциясын қабылдап, Республика атанды. Елші доктор Т. В. Нагендра Прасад Үндістанның 75 жылда жүріп өткен жолын еске алып, өткенге көз жүгіртіп қана қоймай, болашаққа көз тігуге жиналғанын айтты.

"Үндістан әлемдегі ең ірі және динамикалық демократиялық елге айналды. Әлемде діні, мәдениеті, тілі, этникалық тобы алуан түрлі дәл мұндай елді еш жерден таба алмайсыз. Конституция – азаматтарға бостандық, теңдік, әділдік пен бауырлық қағидаттарын берген ең үлкен құжат. Оған ұлттың қазіргі замандағы талаптарына жауап беретін жүзден астам өзгеріс енгізілді. Былтыр қыркүйекте парламент пен штаттардың заң шығару органдарында әйелдердің үлесі 33 пайыз болуы керек деген заң қабылданды", – деді доктор Т. В. Нагендра Прасад.

Елші Үндістан тәуелсіздік алар тұста сауатсыздық деңгейі, азық-түлік тапшылығы, ауылда және қалада инфрақұрылымның кешеуілдеуі секілді мәселелер болғанын, ал бүгінде әлемге жоғары технологиялар саласында адами ресурстарды ұсынатын IT державаға айналды. Халық саны 1,4 миллиардтан асса да, астық экспорттап, ірі экономика арасында 5-орынға шықты. Былтыр Үндістан G20 мен Шанхай ынтымақтастық ұйымын басқарды. 

"Қазақстан мен Үндістан арасындағы байланыс 2000 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Білім мен мәдени байланыстар бізді біріктіреді. Оған мысал ретінде Үндістанда буддизмнің, ал Қазақстанда сопылықтың таралуын айта аламыз. Алматы Қазақстанның коммерциялық әрі мәдени астанасы. Мұнда үнді диаспорасы бизнеспен айналысады, әртүрлі салада кәсіби қызмет көрсетеді. Оған қоса йога, ән мен би секілді үндінің бай мәдениетін насихаттайды. Алматыда медицинада оқып жүрген үнді студенттері көп", – деді Үндістанның Қазақстандағы елшісі.

Қазақстанның 1300 азаматы ITEC және ICCR стипендияларына ие болды. Алматы мыңдаған үндістандық туристерді өзіне тартады. Екі ел арасындағы туризм саласы дамып келеді. Апта сайын Алматы, Дели және Мумбаи арасында 13 тікелей әуе рейсі ұшады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары