Тікелей эфир

Қазақстанда шетелдік ЖОО филиалдарын ашу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Министрлік түсіндірді

Оңтүстік Кореяның КАИСТ және Вусонг университеттерімен ынтымақтастық жұмысы жүріп жатыр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда шетелдік ЖОО филиалдарын ашу жұмыстары қалай жүріп жатқанын баяндады.

"Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде бес филиалын ашуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда 20 жуық мықты шетелдік университет Қазақстанға шақырылды. Биыл жаңа оқу жылында тағы сегіз филиал ашылады", – деді Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде.

Елімізде 2021 жылдан бастап әлемдік жоғары оқу орындарының 14 филиалы жұмыс істеп жатыр. 2029 жылға қарай елдегі шетелдік ЖОО филиалдары ел экономикасына қажет 2 000-нан астам жоғары білікті маман даярлайды деп күтіледі.

Министрліктің мәліметінше, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті базасында инженерлік салада магистрлерді даярлау бойынша Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (ҚХР), Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің базасында — Гонконг қаласы университетінің филиалын ашу қарастырылған.

М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында Д. И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылады.

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында  — Гази университеті (Түркия) филиалы; Астана Халықаралық университеті базасында — Бейжің тілдер және мәдениет университеті (ҚХР) филиалы; Нархоз университеті базасында Квинс университетінің (Ирландия) филиалы ашылмақ. 

Оңтүстік Кореяның КАИСТ және Вусонг университеттерімен ынтымақтастық жұмысы жүріп жатыр. 

Сонымен қатар елімізде үш шетелдік мықты университеттің толыққанды кампустары есігін ашады. Шетелдік университеттер Қазақстанға инвестиция салып, ғимарат салады немесе оны сатып алады және британдық форматпен немесе шетелдік форматпен оқытуды бастайды.

Серіктестер жаңалықтары