Тікелей эфир

Қазақстанда құс еті мен жұмыртқаның бағасы тағы қымбаттауы мүмкін

Синоптиктер жазда аптап ыстық болатынын болжап отыр. Құрғақшылық та шаруаларды тығырыққа тірейді.

Қазақстанда су тасқыны салдарынан құс еті мен жұмыртқаның бағасы қымбаттауы мүмкін. Қарғын судан кейін алқаптарға құрт-құмырсқа, қауіпті жәндіктер көп таралады деген қауіп бар. Топан судың кесірінен зиянкестер егістікке шабуылдап, өнімнің шығуына кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Күзде құс еті мен жұмыртқаның бағасы қымбаттауы мүмкін, өйткені жем-азықтың бағасы өседі деген болжам бар. Оған қоса, құс өсірушілер мен жұмыртқа өндірушілер былтырдан бері көмек ретінде берілетін субсидиядан да құр қалған, себебі еліміз өнімнің бұл түрімен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отырғандықтан, мемлекеттен қаржы берілмейтін болған.

"Құс өсірушілер табысының 70 пайызы жем-азыққа жұмсалады. Яғни, дәнді, майлы дақылдар қымбат болса – өнімнің бағасы да өседі. Сол үшін жыл сайын алқаптардан жиналған астық биыл азайып, бағасы өссе – жұмыртқа мен құс етінің бағасы да 20 пайызға дейін көтеріледі", – деді ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Қайрат Маишев.

Мамандардың сөзінше, өнімнің қымбаттауына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Тіпті биылғы тасқын судың зардабы да тиюі мүмкін. Қарғын судан кейін алқаптарға зиянкестер де таралуы мүмкін. Оның үстіне кей өңірлерде шегіртке қаптайды деген болжам бар.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда көлікпен қатар үйді де сақтандыру міндеттелмек


Сондай-ақ, синоптиктер мамыр мен маусым айлары құрғақ әлі ыстық болатынын болжауда. Соның салдары егіннің мол шығуына кедергі жасауы ықтимал. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға қазірден бастап қамдану керек екенін айтты.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне егістік алқаптарында өсімдіктерге ұзақ уақыт жауын-шашынның болмауына төтеп беруге мүмкіндік беретін ылғалды сақтау жұмыстарын жүргізуді ұсынады. Биылғы жылы жауын-шашынның болмауы мүмкін деген болжамға байланысты мал өсіруші фермерлер мол жем-шөп қорын жинақтауы қажет", – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазір еліміздің көп бөлігінде көктемгі егістік жұмыстары басталып кетті. Ал мамандар азық-түлік өнімдерінің бағасы күзде қамбаға түсетін астық көлеміне қарай өзгеруі мүмкін екенін айтуда.

Серіктестер жаңалықтары