Мәжіліс депутаттары Құрылыс кодексінің жаңа жобасын талқылап, құрылыс кезінде жіберілген заң бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Халық қалаулыларының айтуынша, қазіргі заңда тек айыппұл төлеумен шектелген. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин жұмысын адал атқармаған құрылыс компаниялары жауапқа тартылатынын айтты. Енді құрылыс саласында өрескел заң бұзушылыққа жол берген компаниялар қара тізімге еніп, қызметіне мүлдем тыйым салынбақ.
Сондай-ақ жаңа заң жобасы сейсмикалық аймақтарда құрылыс жүргізу үшін қауіпті алдын алуды бағалауды міндеттейді. Айта кетейік, биыл қаңтарда үкімет мақұлдаған Құрылыс кодексімен сарапшылар мен бизнес-қоғамдастықтар келіспей, құжатты министрлікке қайта қарауға жіберуді сұраған еді.
Оқи отырыңыз: Үлескерлік құрылыс арқылы үй алғанда нені ескеру керек? Алаяқтарға алданбау жолын түсіндіреміз
"Мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі жаңа тәсілдер бөлімдері. Жоспарлы инспекциялау механизмін енгізу және мемлекеттік-құрылыс бақылау және төтенше жағдайлар органдарының объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы. Барлық берілген рұқсаттарға ревизия жүргізу. Шұғыл әрекет жасау шарасын енгізу – бұл құрылысты бақылаудың жаңа нысаны. Ол анықталған бұзушылықтарға жедел шара қолдануға мүмкіндік береді", – деді ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин.