Қазақстанда кадр тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) артты.
"Бұл қаражатты бағдарламаға қатысушылар жаңа өңірден жеке тұрғын үй сатып алуға пайдалана алады. Ведомствоның айтуынша, өзгерістердің мақсаты – азаматтардың тек өңір ауыстыруына ғана емес, жаңа жерде тұрақты қоныстанып, баспаналы болуына жағдай жасау", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар қоныс аударушыларға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеуге субсидия беріледі. Сондай-ақ жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіліп, жаңа өңірге көшпей тұрып жұмыс берушіні таңдау мүмкіндігі қарастырылған.
"Бағдарламаға қатысушылардың тізімі кеңейтілді. Бұрын оған негізінен жұмыссыз азаматтар қатысса, енді мемлекеттік қолдау шараларын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да пайдалана алады. Қазір бағдарлама толық цифрлық форматқа көшірілген. Өтінім беру, өңірлер картасымен және сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысу, сондай-ақ бос жұмыс орындарын таңдау мүмкіндігі migration.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады", – делінген хабарламада.
Министрліктің дерегінше, 2017 жылдан бері бұл бағдарламаға 73,9 мың адам қатысып, оның 31 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.