Тікелей эфир

Қазақстанда қанша студент жатақханасыз қалды?

Биыл оқу жылында 23 686 студент жатақханадан орын ала алмай қалды.

Қазақстанда басқа қалалардан келген 20 мыңнан астам студент тұратын орынға мұқтаж. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлімдеді.

Бүгінгі күні 106 203 студент жатақхана мен хостелдерге сәтті орналасса, 23 686 студентке орын жетпей қалды.

Баспасөз конференциясында жатақханадағы орындар студенттің грантта немесе ақылы түрде оқитынына қарамастан бөлінетіні айтылды. Бұл ереже 2023 жылдан бері заңнамада бар.

"Бізде ешқандай шектеулер жоқ. Биылдан бастап оқу нысанына қарамастан жоғары оқу орындарының жауапкершілігін қарастыратын заң күшіне енеді. Барлық студент жатақханадан орын алуға құқылы", - деді Ақерке Абылайхан.

Студенттерге қолдау көрсету үшін әрбір жоғары оқу орнында жағдаяттық орталықтар ашылды. Ол жерге ата-аналар хабарласып, жатақханада орындардың бар-жоғы, комиссия отырысының уақыты мен өтініштерді қабылдау туралы барлық ақпаратты нақтылай алады.


Оқи отырыңыз: Көлгінов жатақхана тапшылығы туралы: Ректорлар студенттерге жағдай жасауға мүдделі болуға тиіс.


Төтенше жағдай болып қалғанда қалаларда студент түней алатын дағдарыс орталықтары бар.

"Біз 30 орындық дағдарыс орталығын аштық. Министрліктің жағдаяттық орталығына хабарласып, дағдарыс орталығынан орын алуға болады. Ол жерге студенттер орналасады, түнейді, содан кейін университеттер сол жерге түнеп шыққан студент туралы ақпарат алып, жатақханаға орналастырады»,  – деп хабарлады баспасөз конференциясында.

Серіктестер жаңалықтары