Тікелей эфир

Қазақстанда педагогтердің кәсіби мерекесі алғаш рет 5 қазанда атап өтіледі

Биыл алғаш рет Ұстаздар күнін атап өту – 5 қазанға бекітілді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, тиісті қаулыны Үкімет қабылдаған болатын. Бұл күн Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген. Бұл күні елордада Педагогтердің республикалық съезі өтеді. Оған еліміздің барлық аймақтарынан 700-ге жуық ұстаз қатысады. Кездесу алаңында педагогтер ең озық және халықаралық тәжірибелерімен бөлісе алады.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның білім беру саласында 500 мыңға жуық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогі жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдер білім бағалау тестін қалай тапсырады? Маңызды 10 сұраққа жауап.


Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды.

Төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы екі есеге өсті. 220 мыңға жуық мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемеақы төленуде. Өндірістен қабылданған техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері жалақысына 35 пайызға дейін қосымша ақы алады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 97 мың мұғалімнің жалақысы тағы 30 пайыз өсті.

Серіктестер жаңалықтары