Тікелей эфир

Қазақстанда "орақ пен балға" белгісі кей ғимараттар маңдайында неге әлі бар?

Заңға сәйкес, мемлекеттік мекеме ғимаратында Қазақстан елтаңбасы тұруы керек.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысқан баспасөз конференциясында журналист Қазақстанда әлі күнге дейін төбесінде Кеңес одағының елтаңбасы – "орақ пен балғаның" белгісі тұрған ғимарат көп екенін айтып, оны алып тастауға не кедергі екенін сұрады.

"Кеңес одағының белгісін алып тастау қозғалғанда "құнды жәдігер ретінде оны алып тастай алмаймыз" деген уәж айтылып жатады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ғимараттардың төбесінде орақ пен балғаның тұрғаны қаншалықты орынды? Неге елтаңбамыз бен туымызды қоймаймыз. Мәселен, Тараз қаласында мәдениет үйінің төбесінде жарқырап тұр. Қарағандыда да бар. Неге осы орақ пен балғаны алып тастай алмай отырмыз?" – деп сұрады журналист.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне ұлттық мәртебе беруді ұсынды


Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов кейбір ғимараттарда ондай белгілердің бар екенін жасырмады. Алайда ол мемлекеттік органдардың ғимаратында елтаңба тұруға міндетті екенін айтты.

"Сол заманда салынған ғимараттарды зақымдап алмау үшін кейбір жерлерде бұрынғы таңбалар қалды. Жыл сайын тиісті заңнамаға сәйкес, жергілікті мәдениет басқармаларына қарасты тарихи ғимараттарды қорғайтын арнайы ұжымдар зерттеп, мәселені шешуі керек. Елтаңба бүкіл жерде тұруға тиіс. Ал тарихи ескерткіш болса заң аясында жұмыс жасау керек", – деді Нұрғиса Дәуешов.

Журналист "орақ пен балға тәуелсіздіктің жүз жылдығында да тұра бере ме?" деп сұрақ қойды.

"Ғимараттың елтаңба тұратын жерінде емес шығар деп ойлаймын. Қай ғимаратты айтып отқаныңызды білмейміз. Заңға сәйкес ту мен елтаңбаның тұратын орны бар. Сол заманда XIX ғасырда салынған ғимараттың сәулетіне сәйкес қалған белгілерді бұзған жағдайда ғимаратты да жоғалтып алу қаупі бар. Сондықтан мұны зерттеп қарау керек", – деді жауап берді Мәдениет және спорт вице-министрі.

Журналистің сөзінше, "орақ пен балға" Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің төбесінде тұр. Нұрғиса Дәуешов бұл мәселені анықтайтынын айтты.

Серіктестер жаңалықтары