Тікелей эфир

Қазақстанда несиелер мен микрокредиттердің мөлшерін шектеу ұсынылды

Бүгінде шамамен 8,5 миллионға жуық халқы кредитке батқан.

Қазақстанда несиелер мен микрокредиттердің мөлшерін шектеу ұсынылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қоғамның ашық талқылауына шығарылған Қаржы нарығын реттеу агенттігінің қаулысы күшіне енсе, бұдан былай азаматтар кепілсіз 8 миллион теңгеден артық қарыз ала алмайды. Бұл тәртіп микроқаржы ұйымдарына да қолданылмақ.

Бүгінде шамамен 8,5 миллионға жуық халқы кредитке батқан. Қазақстанда енді банктер мен микроқаржы ұйымдарының несие беру жүйесінде өзгеріс болуы мүмкін.

Екінші деңгейлі банктер кепілсіз беретін қарыз мөлшерін 8 миллион, ал микрокредиттерді 4 миллион теңгеден асырмау көзделіп отыр. Бастаманы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған.

"2024 жылғы 19 маусымындағы заңымен банктер мен микроқаржы ұйымдарына сомасы агенттіктің нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тұтынушылық қарыздарды беруге тыйым салынады. Ол тұтастай алғанда борыштық жүктеменің шамадан тыс өсуіне жол бермеуге және халықтың шамадан артық кредит алуын төмендетуге ықпал етпек. Ал халықтың бұл мәселеге қатысты пікірі әртүрлі. Бірі қарыз мөлшерінің белгілі бір межесі болғанын құптаса, енді бірі әркімнің таңдау еркіндігі сақталғаны дұрыс деген ойда. Жалпы жұрт шектеуді несиенің сомасына емес, әуелі пайызына қою керек", – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің бас маманы Нұрбол Райымқұлов.

Айта кетейік, кредит беру тәртібіндегі өзгерістердің кепілдік қою арқылы рәсімделетін несиелерге қатысы жоқ. Ол процесс әдеттегідей іске аса береді.

Ал кепілсіз қарызға белгілі мөлшерде шектеу қою туралы агенттіктің ұсынысы осы айдың айғына дейін қоғамдық талқылауда болады.

Ресми статистика бойынша, былтыр Қазақстанда несиесін уақытылы төлей алмай жүрген 1,5 миллионнан астам адам бары анықталған.

Серіктестер жаңалықтары