Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап компьютерлік томография мен магнитті-резонансты томография құны жаңа тариф бойынша есептеледі. Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы денсаулық сақтау министрі бұйрығының жобасынан белгілі болды.
Жаңа тарифтер аса сұранысқа ие клиникалық-диагностикалық қызметтер тізбесіне сай белгіленген және олар міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қолданылады.
Егер бұған дейін мойынның, кеуде ағзаларының, сүйек-буын жүйесінің және өзге де ағзалардың компьютерлік томографиясы 9622 теңге болса, енді баға 7976 теңгені құрайды. Сондай-ақ, 29 955 теңгемен бағаланатын контрастілеуді қажет ететін компьютерлік томография шараларының құны 24-25 мың теңге аралығына дейін төмендейді.
Магнитті-резонансты томография да белгілі бір деңгейде (12 247 теңгеден 8750 теңгеге және 34 735 теңгеден 29 605 теңгеге) арзандайды.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы алматылықтар қандай тегін медициналық көмек алады? МӘМС өкілі түсіндірді
Жаңа тарифтер биылғы 1 қыркүйектен бастап қолданылады.