ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев сұхбатта мемлекеттік кадр саясатына қатысты сауалға жауап беріп, мемлекеттік саяси қызметшілерді тағайындау процессі қайта пысықталып жатқанын хабарлады.
Айбек Дәдебаев өзі жетекшілік ететін Президент әкімшілігінде кадрларды іріктеу, тағайындау, оқыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы үздік әлемдік тәжірибелер зерделеніп, заманауи тәсілдер енгізіліп жатқанын айтты.
"Президенттің тапсырмалары негізінде мемлекеттегі кадр саясатына меритократия механизмдерін енгізуді қолға алдық. Қазір қабілетті адамдарды іріктеу процесін автоматтандыру жүйесі іске қосылды. Кадрларды іріктеу, тағайындау, оқыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы үздік әлемдік тәжірибелер зерделеніп, заманауи тәсілдер енгізілу үстінде. Бұған қоса мемлекеттік саяси қызметшілерді тағайындау процессі қайта пысықталуда. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес мемлекеттік органдар Президент әкімшілігіне саяси лауазымға тағайындауға бір ғана кандидатты ұсынатын. Бұл тәсіл, өз кезегінде, Орталықтың үздік үміткерді анықтап, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік бермейді. Таңдау тек ұсынылған кандидатпен шектелінетін", – деп түсіндірді ол.
Президент әкімшілігі басшысының айтуынша, бұдан былай, саяси лауазымдарға тағайындауларды келісу процесі кандидаттардың жеке және кәсіби құзыреттерінің негізінде құрылған рейтинг арқылы жүргізіледі. Бұл ретте, бұл рейтинг саны шектеулі азаматтарды ғана қамтымайтынын атап өткен жөн.
"Алдағы уақытта тәсіл толық автоматтандырылады, яғни адами факторының әсері азаяды. Мақсат – саяси қызметке нәсіліне, тегіне, жынысына қарамастан білімді, білікті, уәдеге берік, заңды құрметтейтін азаматтарды тарту", – деп түйіндеді сөзін Айбек Дәдебаев.
Оқи отырыңыз: Президент: Мемлекеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес