Тікелей эфир

Қазақстанда күзден бастап оқушы қыздарға жаппай екпе егіледі

Қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.

Биыл күзде 175 мың жасөспірім қыз балаға папиллома вирусына қарсы вакцина егіледі. Оған Үкіметтен 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Енді қаражат аймақтарға үлестіріліп, екпе сатып алынбақ.

Екі кезеңнен тұратын екпенің біріншісі он бір жастағы оқушы қыздарға салынады. Ал екіншісі алты айдан кейін егіледі. Мамандардың айтуынша, екі кезеңге бөлінген вакцина жатыр мойны обырының алдын алады. Сондай-ақ, денсаулыққа кері әсері жоқ.

"Адам папиллома вирусы көптеген қауіпті ауруларды шығарады. Олардың ішінде ең бірінші жатыр мойны қатерлі ісігі. Ол 99 пайыз дәл осы вирустан болады. Көптеген ел 15-16 жыл бұрын бастаған. Олардың қорытындылары бізге осындай үлкен нәтижесі бар екенін және қауіпсіз екенін дәлелдеген", – деді онколог-гинеколог дәрігер Райхан Болатбекова.

Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау шаралары 2013-2015 жылдары пилоттық жоба ретінде еліміздің 4 аймағында жүргізілген болатын. Онда да оқушы қыздардың ата-анасының рұқсатымен егілген еді. Нәтижесінде 11 мыңнан астам қыз бала екпенің екі дозасын алған.

"Қолданылатын вакцина төрт валентті. Осы адам папилломасы вирусының онкогендік типтеріне, яғни төрт типіне қарсы жоспарланған. Бұл вакцина – Мэрк компаниясы, АҚШ-та шығарылады", – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева.


Оқи отырыңыз: Биыл 11 жастан асқан 170 мың қыз балаға HPV-ға қарсы екпе салынады


Статискатикаға сүйенсек, жылына 1900-ге жуық қыз-келіншек қауіпті дертке шалдығады. Оның 600-і дәл осы аты жаман аурудан көз жұмған, сондықтан ақ халаттылар уақытылы тексеріліп, медициналық көмекке жүгіну керектігін ескертеді.

"Бізде гарнатиялық медициналық көмек аясында көрсетілетін әртүрлі скринингтер, әр түрлі зерттеулерден жыл сайын өтіп тұратын болса, еркектер мен әйелдер уақытылы тексеріліп тұрса, қатерлі ісіктің алдын алуға немесе оны бастапқы сатыда анықтауға мүмкіндік берілетін болады. Ал қаржы өңірлерге үлестіріліп, 351 мыңнан астам вакцина сатып алынады. Тегін екпе оқушы қыздардың ата-анасының жазбаша келісімімен егілді", – деді радиолог дәрігер Оңдасын Ақжол.

Серіктестер жаңалықтары