Қазақстанда инклюзивті білім берудің жаңа көзқарасы қалыптасып келеді

Фото интернеттегі ашық дереккөзден алынды
Фото интернеттегі ашық дереккөзден алынды
Бұл салада еліміз әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылуды мақсат етіп отыр.

Қазақстанның білім беру саласы қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанымен, ең маңызды міндеттердің бірі – инклюзивті білім беруді дамыту, яғни барлық балаларға олардың қабілеті мен әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау. Осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жүрген мамандардың бірі – "Болашақ" Президенттік халықаралық стипендиясының иегері, Уорик университетінің түлегі Шнар Есенбекова.

Соңғы жылдары Қазақстан білім беру жүйесін жаңғырту бағытында бірқатар реформалар жүргізді. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, инклюзивті білім беру әлі де толық қалыптаспаған. Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің деректеріне сәйкес, елде 160 мыңнан астам бала арнайы білім беру қолдауын қажет етеді, ал әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы және ауылдық аймақтардағы көптеген оқушыларға қосымша білім беру мүмкіндіктері жеткіліксіз.

Көптеген мектептерде әлі де инклюзивті оқытуды жүзеге асыру үшін қажетті мамандар, арнайы бағдарламалар және тәжірибелік әдістемелер жетіспейді. Кей жағдайларда мүмкіндігі шектеулі немесе оқу процесінде қосымша қолдауды қажет ететін балалар жалпы білім беру сыныптарына толыққанды қатыса алмайды.

Зерттеушілердің айтуынша, білім беру жүйесінде ұзақ уақыт бойы стандартталған оқыту үлгісі басым болды, ал мұғалімдерді даярлау бағдарламаларында әртүрлі білім алушылардың қажеттіліктерін ескеретін әдістер жеткілікті деңгейде қамтылмаған.

"Нағыз инклюзия әртүрлі қабілеттерді, әлеуметтік жағдайларды және денсаулық ерекшеліктерін ескеретін жүйе құруды талап етеді. Сонда ғана әр оқушы өз мүмкіндігін толық жүзеге асыра алады" – дейді Шнар Есенбекова.

Шнар Есенбекованың ғылыми және кәсіби жұмысы дәл осы жүйелік мәселелерді шешуге бағытталған. Уорик университетінде білім беру көшбасшылығы және менеджменті бойынша магистр дәрежесін алу барысында жүргізген зерттеулерінде ол мектептерде инклюзивті басқару мәдениетін қалыптастырудың тиімді тәсілдерін ұсынды.

Уорик университетінің білім беру институты әлемдегі жетекші академиялық орталықтардың бірі саналады. Мұнда Шнар Есенбекова білім беру саясаты, мектеп басқаруы, білім беру реформалары және зерттеу әдістемесі бағыттарында терең дайындықтан өтті. Бағдарлама аясында ол білім берудегі өзгерістерді басқару, білім беру саясаты мен стратегиясы, балалардың мәдениаралық дамуы және ғылыми зерттеу әдістері пәндерін меңгеріп, сапалы білім беру мәселелеріне арналған ғылыми диссертациясын қорғады.

"Уорик университетіндегі оқу мені білім беру жүйесіне жаңаша қарауға үйретті. – дейді эксперт, – Инклюзивті білім беру мен үшін әрбір баланың қабілеті мен ерекшелігіне қарамастан, өзін мектеп қоғамдастығының толыққанды мүшесі ретінде сезінуі".

Зерттеу барысында Есенбекова Қазақстандағы білім беру жүйесінде инклюзивті тәжірибені дамытуға кедергі келтіретін бірнеше негізгі мәселені анықтады. Олардың қатарында инклюзивті педагогика бойынша мұғалімдердің даярлығының жеткіліксіздігі, мектеп басшыларына арналған тәжірибелік басқару модельдерінің аздығы, сондай-ақ білім беру мен медицина салалары арасындағы үйлесімді байланыстың болмауы бар.

Қазіргі уақытта Шнар Есенбекова АҚШ-та жұмысын жалғастырып, білім беру мен медицина салаларын байланыстыру бағытында тәжірибе жинақтауда. Ол білім беру бағдарламалары, университеттер және қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатып, балалардың даму ерекшеліктерін ескеретін жаңа тәсілдерді зерттеуде.

Бұл тәжірибе мектептерде психологиялық, әлеуметтік және медициналық қолдау жүйелерін білім беру процесімен тиімді байланыстыруға мүмкіндік береді.

"Оқушыларға инклюзивті ортаны ұсыну үшін мұғалімдер, дәрігерлер, ата-аналар және саясаткерлер бірлесе жұмыс істеуі керек. Сонда ғана әр балаға шынайы мүмкіндік жасай аламыз" – деді білім саласының эксперті Шнар Есенбекова.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан алдағы жылдары инклюзивті мектептердің санын арттыру және білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша үлкен мақсаттар қойып отыр. Алайда бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін тек заңнамалық өзгерістер емес, сонымен қатар тәжірибелік модельдер мен ғылыми негізделген шешімдер қажет.

Осындай бастамаларды дамытуда халықаралық тәжірибесі бар мамандардың рөлі ерекше. Шнар Есенбекованың жұмысы халықаралық академиялық зерттеулер мен Қазақстандағы нақты білім беру тәжірибесін байланыстыратын көпір ретінде бағалануда.

Қазақстан алдағы жылдары әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Мұндай жағдайда білім беру жүйесінің сапасы мен оның баршаға қолжетімді болуы елдің әлеуметтік және экономикалық дамуы үшін шешуші факторлардың бірі болып табылады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау