
Премьер-министр жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында цифрлық шешімдерді қолдана отырып, нақты алгоритмдер енгізуді тапсырды, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Қаңтардың басында "Астана – Щучинск" бағытында резонанс тудырған жол апаты орын алды. Осындай оқиға "Астана – Қарағанды" тас жолында да тіркелді. Премьер-министр ауа райының қолайсыздығы және жүргізушілерді жол апаттары туралы ескертуге тиіс қолданыстағы әдістердің тиімсіз екенін көруге болатынын атап көрсетті.
"Қыс айларында және қолайсыз ауа-райы кезінде ең жоғары жылдамдықты төмендету бойынша озық тәжірибені пайдалану керек. Қолайсыз ауа-райында алыс жолға шығуға болмайтыны туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Цифрлық шешімдерді қолдана отырып, жүргізушілерді жолдағы ахуал туралы уақтылы ескертіп отыру керек. Қауіпті учаскелер алдында электронды таблолар мен уақытша белгілер орнатылуы тиіс", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Көлік министрлігіне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Цифрландыру, Мәдениет және ақпарат министрліктерімен бірлесіп, жаппай жол апаттарының алдын алу үшін нақты алгоритмдер енгізуді тапсырды.
Елімізде республикалық, жергілікті және қалалық жолдардың жағдайына мониторинг жүргізу бойынша "Е-жолдар" платформасы іске қосылады
"Қазір "Е-жолдар" цифрлық платформасы әзірленіп жатыр. Ол тек республикалық емес, сондай-ақ жергілікті және қалалық жолдардың жағдайына да мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді. Көлік және Цифрлық даму министрліктеріне осы жылдың соңына дейін аталған платформаны пилоттық режимде іске қосуды тапсырамын", – деді премьер-министр Олжас Бектенов.