Тікелей эфир

Қазақстанда бүркіттерді сақтау және көбейту бойынша жаңа шаралар қолға алынбақ

Бұған дейін 25 бүркітті өсіріп, табиғатқа жіберген Save the Berkuts жобасының ауқымы кеңейе түседі.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Efes Kazakhstan Қазақстандағы бүркіттердің популяциясын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған "Бүркіттерді сақтайық" әлеуметтік жобасын іске асыру жөніндегі риясыз қызмет туралы меморандумға ресми түрде қол қойды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жобаның жүзеге асуына Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің бірі саналатын қыран құстың жойылу алдында тұрғаны және Қызыл кітапқа енуі басты себеп болды.

"Бүркіт – сұңқарлар тұқымдасының ең атақты жыртқыш құстарының және халқымыздың "Жеті қазынасының" бірі. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген құс. Соңғы ғасырларда бүркіт бұрын өмір сүрген көптеген аудандардан жоғалып кетті. Мұның себептері жаппай ату, пестицидтерді қолдану, урбанизация және жерді экономикалық қажеттіліктерге өзгерту болды. Осыған байланысты мемлекет бүркіт санын сақтау бойынша бірқатар шаралар қабылдап келеді", – деді ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев. 

"Бүркіттерді сақтайық" жобасы 2012-2019 жылдар аралығында Efes Kazakhstan жүзеге асырған "Өз үлесіңді қос – табиғатты сақта!" бастамасының табысты жалғасы. Осы жоба барысында Алматы облысында 25 бүркіт өсіріліп, табиғатқа шығарылды. Бұл игілікті іс құстардың өңірдегі санының едәуір өсуіне мүмкіндік берді.

Жобаның жаңа кезеңінің негізгі мақсаттары:

  • Бүркіттердің табиғаттағы тіршілік ету ортасы туралы зерттеулер жүргізу және құстарды кейіннен шығару;
  • Қазақстанда бүркіттердің саны мен тіршілік ету ортасы бойынша деректерді жинау және талдау. 

Оқи отырыңыз: Аққұйрықты бүркіттен бөктергіге дейін. Наурызым қорығын қандай құстар мекендейді?


"Біз Қазақстанның ең маңызды рәміздерінің бірі бүркіттерді сақтауға өз үлесімізді қоса алатынымызды мақтан етеміз. Біздің жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Бұл жұмысты Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жалғастыруға өте қуаныштымыз. Біздің мақсатымыз – қыран құстардың популяциясын қалпына келтіру ғана емес, сонымен бірге қоғамның назарын экологиялық жауапкершілік пен қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына аудару", – деді Efes Kazakhstan компаниясының бас директоры Эртан Курт. 

Efes Kazakhstan компаниясының бас директоры Эртан Курт және ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев

Стратегиялық ынтымақтастық аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі құстардың тыныс-тіршілігін зерттеуге және оларды табиғатқа шығаруға қолдау көрсетеді, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына және олардың нәтижелерін тануға жәрдемдесетін болады. Өз тарапынан Efes Kazakhstan жобаны қоса беріліп отырған Жол картасына сәйкес іске асыруды өз мойнына алып, экспедициялар өткізуді, бүркіттерді өсіруді, күтіп-бағуды және оларға күтім жасауды қолға алады. 2024-2034 жылдар кезеңіне толық қаржыландыруды қамтамасыз етіп, сондай-ақ жобаны іске асыру жөніндегі есептерді жасап, хабарлап тұруды ұсынады.

Меморандумға қол қою мемлекет пен жеке бизнестің Қазақстанның табиғи мұрасын сақтаудағы бірлескен күш-жігерін айғақтайды. Бұл жоба сирек кездесетін құстардың көбеюіне ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар тұрақты дамуға қол жеткізу үшін экологиялық жауапкершілік пен ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар, бастама қоғамның әр түрлі секторларының ресурстары мен білімдерін біріктіру басқа компаниялар мен ұйымдарды осындай жобаларға қосылуға шабыттандыру арқылы қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қалай тиімді шеше алатынының мысалы ретінде қызмет етеді. "Save the Berkuts" – "Бүркіттерді сақтайық!" жобасы био әр түрлілікті сақтауға және болашақ ұрпақ үшін экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосатын жоба. 

Серіктестер жаңалықтары