Тікелей эфир

Қазақстанда бұдан былай сахнада бейәдеп сөз айтып, ерсі қылық танытқан өнер адамдары жазаланады

Енді өздерін ерсі ұстаған өнер адамдары мен концерттік шараны ұйымдастырушыларға 553 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін айыппұл салынбақ.

Мәдениет және ақпарат министрлігі сахнада бейәдеп сөз айтып, ерсі қылық танытқан әншілерді жауапкершілікке тартуды ұсынады. Мұндай шешімге соңғы екі жылда отандық және шетелдік әртістердің қатысуымен даулы оқиғалардың қоғамда көп резонанс тудыруы түрткі болды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мәдениет және ақпарат министрлігі ойын-сауық, мәдени іс-шараларды өткізу тәртібін бұзғаны үшін ұйымдастырушылар мен әншілерге қатысты заңнамалық жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр. бұдан былай сахнада өнер көрсету кезінде былапыт сөздер айтып, ішімдік ішкен немесе халық алдына мас не есірткі шеккен күйде шыққан әртістер әкімшілік жазаға тартылады. Бұл үшін өнер иелері кемі 553 800 теңге айыппұл арқалайды.

Егер жағдай тағы қайталанса, жеке тұлғалар 738 400 теңге, заңды тұлғалар 2 215 200 теңге айыппұл төлейді. Әнші Болатбек Досыбаев аталған заң жобасымен келісетінін айтты. Ол қазіргі жас буынның сахнадағы өзін ұстауына көңілі толмайтынын білдірді.

"Сахна – киелі, кез келген адам оны ластай беруіне болмайды. Ішімдікпен шығу деген өте орынсыз нәрсе. Ішімдік ішкен адам әнді де дұрыс айтпайды, сөзі де дұрыс болмайды. Қазір жастар өнерпаздар сахналық киім кию жағынан да өте нашар болып кетті. Сахнаға спорттық киіммен шыға салады. Сахнаның өзіндік мәдениеті бар. Соны сақтаған дұрыс", – деді «Жігер» тобының әншісі Болатбек Досыбаев.

Қолданыстағы "Мәдениет туралы" заңда шығармашылық ұжым мен өнер иелерінің концертке дейін де, шара кезінде де ішімдік ішіп, зиянды әрекеттерін көрсетуге тыйым салынған, алайда бұл талаптарды бұзғаны үшін ешқандай жаза бекітілмеген. Соның салдарынан қоғамдық наразылық туған. Енді министрлік бұл олқылықтың орнын толтырмақ.


Оқи отырыңыз: Қайрат Нұртас 74 мың теңге айыппұл төлейді. Не үшін


Арнайы қаулы ашық үкімет порталында қоғамдық талқылауға ұсынылды. Бұдан кейін, Мәжіліске жолдану жоспарланып отыр. Ал, заңға қол қою мерзімі 2024 жылдың желтоқсанына белгіленген.

Серіктестер жаңалықтары