
Қазақстанда "Бірге кітап оқиық" жобасы бастау алды. Жобаның алғашқы қатысушысы ҚР президентінің кеңесшісі – президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кітапты көп оқитынын және президенттің жаппай кітап оқитын ұлтқа айналдыру идеясына әр адам өз үлесін қосу керек екендігін айтты, деп хабарлады жобаның ұйымдастырушылары.
Президенттің кеңесшісі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романындағы "Ақ көңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс әдемі болмаса да, жиіркенішті" деген жолдарын оқып берді.
"Бұл жолдар роман кейіпкері Меңтайдың күнделігінен алынған. Шығармадағы менің сүйікті кейіпкерім де – Меңтай", – деді Берік Уәли.
Берік Уәли келесі оқылатын туындыға Бауыржан Момышұлы атамыздың "Ұшқан ұя" романын таңдады. Ал "Бірге кітап оқиық" аманатын одан әрі жалғастырып келесі шығарманы анықтауды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға ұсынды.
Еске салайық, "Бірге кітап оқиық" жобасының шарттары төмендегідей:
- Жобаға қатысушы әлеуметтік желі арқылы халық арасында он күн бойы талқыланған (өзіне ұсынылып отырған) шығармадан үзінді келтіреді.
- Ұнаған кейіпкері туралы өз ойын айтады.
- Келесі оқылатын кітапты анықтайды.
- Келесі оқылатын кітаптың 10 данасын жүргізушілерге сыйға тартады. (Бұл кітаптар сұрақ-жауап жеңімпаздарына тарту етіледі).
- Ол туындыдан кейін оқылатын шығарманы анықтау үшін "Бірге кітап оқиық" аманатын келесі адамға ұсынады.
- Әріптестеріне осы оқылатын кітап жөнінде өз пікірлерін әлеуметтік желіде білдіруге кеңес береді.