Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 17 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Осылайша, мөлшерлеме соңғы екі жылда алғаш рет төмендеп отыр. Бұған дейін ол 18 пайыз деңгейінде болған.
Ұлттық банктің мәліметінше, шешім кезекті болжамды раундтың нәтижелері, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер және инфляциялық тәуекелдердің жаңартылған бағасы негізінде қабылданған.
Реттеушінің дерегіне сәйкес, елдегі инфляцияның баяулау үрдісі жалғасып келеді. Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың қыркүйегінде тіркелген 12,9 пайыздық шектен 2,5 пайыздық тармаққа төмен.
Азық-түлік инфляциясы 10,7 пайызға дейін баяуласа, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 11,7 пайыз деңгейінде сақталған. Қызмет көрсету саласындағы инфляция да бәсеңдеп, 8,7 пайызды құрады.
Ұлттық банк мамыр айында айлық инфляцияның 0,7 пайызға дейін төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар халықтың инфляциялық күтулері де біршама тұрақтанған.
Жаңартылған болжам бойынша, 2026 жылдың қорытындысында инфляция 9-11 пайыз аралығында қалыптасады деп күтілуде. Ал 2027 жылы бұл көрсеткіш 5,5-7,5 пайызға дейін төмендеп, 2028 жылы Ұлттық банктің 5 пайыздық нысаналы деңгейіне жетуі мүмкін.
Сондай-ақ Ұлттық банк ел экономикасының өсіміне қатысты болжамын жақсартты. Биыл ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,5-5,5 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде.
Реттеуші базалық мөлшерлемені төмендету үшін қажетті алғышарттардың қалыптасқанын айтқанымен, инфляцияны бақылауда ұстау мақсатында ақша-кредит саясатының сақтық сипаты сақталатынын мәлімдеді.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2026 жылғы 24 шілдеде жарияланады.