Тікелей эфир

Қазақстанда баспана салу қарқыны 9,8% өсті. Қалаларда тұрғын үй жан басына шаққанда 25 шаршы метрден келеді

2021 жылдың 7 айында "Отбасы банк" 183,9 млрд теңгеге 14,4 мың қарыз берді.

Қазақстанда тұрғын үй салу қарқыны халық санының өсуінен әлдеқайда жоғары. Соңғы жеті айдың қорытындысы бойынша, тұрғын үйдің 7,7 млн шаршы метрі пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,3% көп. Соның ішінде төрттен үш бөлігі – 5,7 млн шаршы метрі қалаларда берілді. Осылайша көрсеткіш бір жылда 9,8% өсті, деп хабарлады Еnergyprom.kz сайты.

Осы жылдың соңына дейін жалпы аумағы 17 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек – бұл жаңа рекорд. Өйткені, 2020 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын – бұл "дағдарысқа дейінгі" 2019 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 16,7% көп. Ал Қазақстанда халық саны орташа есеппен бір жыл ішінде тек 1,3%-ға өсіп отырады. 

1 шілдедегі мәліметке сәйкес, Қазақстанда 19 млн адамның тұратыны белгілі болды. Қала халқының саны 2% өсіп, 11,3 млн адамға жеткен. Бұл жалпы Қазақстан халқының 59,2%-ын құрайды. 

  • Ал 2020 жылдың І тоқсанында – 58,8%;
  • 5 жыл бұрын – 57%;
  • 10 жыл бұрын – 54,6%-ын құрады. 

2021 жылдың 7 айында "Отбасы банк" 183,9 млрд теңгеге 14,4 мың қарыз берді. 2020 жылы банк 209,9 млрд теңгеге 19,3 мың қарыз берген еді. Бұл 2019 жылға (185,4 млрд теңге) қарағанда 13,2% көп. Осының ішінде қалаларда берілген үйлер саны жағынан 88%-ды, қаражат жағынан 90%-ды құрады.  

10 жыл бұрын жан басына шаққандағы тұрғын үй көлемі 18,2 шаршы метрді құраса, қазір бұл көрсеткіш 22,6 шаршы метрге жетіп отыр. 

Қазір қалада 25 шаршы метр, ал он жыл бұрын жан басына шаққанда 20,2 шаршы метрден келетін. Ауылда – 19,3 шаршы метр, 10 жыл бұрын 16,5 шаршы метр болды. Болашақта тұрғын үйді жан басына шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

Серіктестер жаңалықтары