Тікелей эфир

Қазақстанда "Ауыл кітапханаларына 100 кітап" акциясы басталды

Бұл акцияға бірнеше министр қазірдің өзінде өз үлесін қосқан.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда "Ауыл кітапханаларына 100 кітап" атты акция басталғанын хабарлап, бұл бастамаға жанашыр азаматтарды атсалысуға шақырды

Акцияға Аида Балаеваның өзі де үн қосып, Абай Құнанбайұлының ауылы Қарауылға және Қаныш Сәтбаевтың ауылы Баянауылға және өз туған ауылына әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық-ағартушылық әдебиеттерді тарту еткен. 

"Бұл акцияны өзге де әріпестерім, министрлер қолдап, қазірдің өзінде бірнеше ауылға кітап жеткізіп үлгерді. Мәселен, ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпілұлы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Бағдат Батырбекұлы жеке атсалысып, еліміздің бірқатар өңіріндегі ауыл кітапханаларына 100 кітаптан табыс етуде. Басқа да әріптестерміз таяуда акцияға қолдау көрсетуге ниет білдірді", – деп жазды Аида Балаева. 

Министр бұл бастама шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды көздейтінін айта келе, акцияға атсалысуға өзге де мекемелер мен ұйымдар, жанашыр азаматтарды шақырды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұлттық кітап күні белгіленеді


Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше мән берген болатын. Президент өз сөзінде: "Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек" деді. 

Серіктестер жаңалықтары