Қазақстанда ата-аналардың баласының оқуына күнделікті араласуы айтарлықтай төмендеген. Бұл туралы Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов PISA-2025 зерттеуінің нәтижелеріне сүйеніп жазды.
Зерттеу дерегіне сәйкес, 2022 жылы оқушылардың 68 пайызы ата-анасы аптасына кемінде бір рет мектепте не істегенін сұрайтынын айтқан. 2025 жылы бұл көрсеткіш 54 пайызға дейін төмендеген. Мектепте туындаған мәселелерді ата-анасымен тұрақты талқылайтын оқушылардың үлесі де азайған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 61 пайыз болса, 2025 жылы 45 пайызды құраған.
Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай тенденция көптеген елде байқалады. Алайда Қазақстандағы көрсеткіштің төмендеу қарқыны жоғары. Депутаттың мәліметінше, ата-аналардың оқу процесіне араласуы азайғанымен, Қазақстандағы мұғалімдердің оқушыларға көрсететін қолдауы жоғары деңгейде.
PISA зерттеуіндегі teacher support индексі Қазақстанда +0,65, ал OECD елдері бойынша орташа көрсеткіш +0,03 болған. Оқушылардың 85 пайызы мұғалімдерінің әр баланың оқуына қызығушылық танытатынын айтқан. 86 пайызы мұғалім түсінгенше түсіндіруді жалғастыратынын, ал 88 пайызы қажет болған жағдайда қосымша көмек көрсететінін жеткізген. Бұл көрсеткіштердің барлығы OECD орташа деңгейінен жоғары.
"Яғни бір қызық қарама-қайшылық бар. Үйдегі күнделікті оқу қолдауы әлсіреп бара жатқан кезде мектеп пен мұғалімнің балаға көрсететін қолдауы жоғары деңгейде керісінше", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Депутат бұл жағдай мұғалімдерге түсетін жауапкершіліктің қаншалықты жоғары екенін де көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, мұғалім тек оқу материалын түсіндіріп қана қоймай, көп жағдайда баланы қолдап, қайта түсіндіріп, оқуында қиындық туған кезде көмектеседі.
"Бірақ мектеп отбасының орнын толық баса алмайды. Баланың нәтижесі үшін мектеп пен ата-ананың қолдауы бірін-бірі толықтырғанда ғана нәтиже жақсы болады. Сондықтан PISA нәтижесіне тек мектептің жұмысы емес, отбасының балаға күнделікті көрсететін қолдауы да тікелей әсер етеді", – деп жазды Құрылтай депутаты.