"Қазгидромет" РМК синоптиктері Қазақстанда 5, 6 және 7 қазанда ауа райы қандай болатынын болжады.
Синоптиктердің мәліметінше Скандинавиялық антициклонның ықпалынан еліміздің батысында, 5-6 қазанда солтүстік және шығыс облыстарында ауа райы ашық әрі құрғақ болады.
Күндіз батыста күн сәулесі ауаны 23-30 градусқа дейін ысытса, солтүстікте және шығыста 15-23 градусқа дейін жылынады. Дегенмен түнде ауа температурасы нөлден төмен көрсеткішке дейін салқындайды.
7 қазанға қарай солтүстік пен шығысқа суық атмосфералық фронт пен жаңбырлы бұлттар тарай бастайды, сондықтан жауын-шашын (көбінесе жаңбыр) түсіп, жел күшейеді және күндізгі ауа температурасы төмендейді деп болжанып отыр.
"Елдің оңтүстігінде және орталығында, атмосфералық фронттардың әсерінен 5-7 қазан аралығында жаңбыр жауады, 6-7 қазанда таулы аймақтарда найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауады, жел күшейеді, түнде және таңертең таулы аймақтарды тұман басады", – делінген хабарламада.