Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Қазақстан аумағында жұмыс істеген Nomad Poker онлайн-казиносының заңсыз қызметін тоқтатты. Тергеу мәліметінше, платформаны Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан басқарған.
ҚМА мәліметінше, Nomad Poker онлайн-казиносы Club GG Poker мобильді платформасының негізінде жұмыс істеген. Ұйымдастырушылар өздерінің жеке басын жасыру үшін шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдаланған.
"Заңсыз ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеп, қатысушыларға онлайн-покер ойнап, ақша тігуге және ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыруға мүмкіндік берген. Жаңа ойыншыларды тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі жарнамалық құралдар қолданылған. Тергеу барысында аталған онлайн-казиноға 20 мыңнан астам пайдаланушының тартылғаны анықталды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: "Сотқа жеткізбей-ақ шешуге болар еді". ҚМА Жанәбіловтар ісі бойынша тергеудің жайын түсіндірді
Агенттік мәліметінше, ұйымдастырушылар ақша аударымдарын жүргізу үшін үшінші тұлғалардың, яғни "дропперлердің" банк шоттарын пайдаланған. Осы мақсатта Қазақстанға шетел азаматтары ұйымдасқан түрде әкелініп, олардың атына 400 АҚШ долларына дейінгі сыйақыға банк карталары мен мобильді банкинг рәсімделген. Тергеу кезінде онлайн-казино жұмысына 60-тан астам дроп-шоттың пайдаланылғаны белгілі болды. Ойыншылардан түскен қаражаттың жалпы көлемі 7,5 млрд теңгеден асқан.
Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш автокөлікке және дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.