Қазақстанда 1 теңгелік монеталар айналымнан жойылуы мүмкін

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Ұлттық банк зерттеу жүргізіліп жатыр, нақты шешім әзірге қабылданған жоқ.

Қазақстанда 1 теңге номиналындағы монеталарды айналымнан алып тастау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында мәлімдеді.

Журналистер АҚШ-тың 1 центтік монеталарды соғудан бас тартқанын айтып, Қазақстанда да "1 және 2 теңгелік монеталарды шығаруды тоқтату жоспарда бар ма?" деп сұрады. 

"Менің түсінуімше, әлемнің көптеген елінде 1 теңгелік секілді ұсақ номиналдар айналымда болады, өйткені біз 1, 10, 100, 1000 дегендей ондық жүйемен жұмыс істейміз. Бір теңгелік монеталар тарихи немесе психологиялық себептермен сақталып келген. Дегенмен, бұл көбіне тиімсіз, себебі оны соғу құны оның номиналынан әлдеқайда жоғары", – деді Тимур Сүлейменов.

Ол қазіргі уақытта Ұлттық банктің бұл мәселені жан-жақты зерттеп жатқанын айтты.

"1 теңгелік монеталарды соғуды жалғастыру қажет пе, жоқ па – соны таразылап жатырмыз. Бұл – халықаралық деңгейде жиі талқыланатын тәжірибе. АҚШ-тың шешімі бізге де осы мәселені қайта қарастыруға түрткі болды. Қазір зерттеу жүргізіліп жатыр, нақты шешім әзірге қабылданған жоқ", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Серіктестер жаңалықтары