Қазақстанда 1 млн астам әйел бизнес басқарып отыр. Кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіледі?

Фото: Shutterstock
Фото: Shutterstock
Әйелдер басқаратын бизнес 48%-ға жетті.

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі қарқынды дамып келеді. 2025 жылғы деректер бойынша елде бір миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, әйелдер жетекшілік ететін кәсіпорындар елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 48,1%-ын құрайды.

Әйелдер сауда, қызмет көрсету, сұлулық индустриясы, қоғамдық тамақтану, білім беру жобалары, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік бастамалар саласында белсенді жұмыс істеп келеді. Олар өңірлердің экономикасын нығайтып, технологиялық әрі қоғамға бағытталған жаңа кәсіпорындар құрып жатыр.

Ведомствоның қолдауымен Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған 20 қызмет көрсету орталығы және шағын қалалар мен ауылдарда 164 өңірлік орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтар ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге қызметтерді тегін ұсынады.

Қазіргі уақытта әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған төрт негізгі құрал бар.

  • Біріншісі — ақпараттық және консультациялық көмек. Мұнда кәсіпкер әйелдер бизнес тіркеу, құжат рәсімдеу, мемлекеттік қолдау алу және тендерлерге қатысу тәртібі бойынша кеңес алады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 16 326 әйелге 60 249 қызмет көрсетілген.
  • Екіншісі — жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау. Бұл бухгалтерлік есеп, салық, есептілік, "1С" жүйесі, бизнес-жоспар әзірлеу және маркетингтік стратегия құруды қамтиды. Осы бағытта 6 410 әйелге 7 106 қызмет көрсетілген.
  • Үшінші құрал — "Іскерлік байланыстар" бағдарламасы. Ол кәсіпкерлерге шетелдік серіктестермен байланыс орнатып, шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Бағдарламаны 36 кәсіпкер аяқтаған, олардың 10-ы — әйелдер.
  • Төртінші бағыт — "Бір ауыл – бір өнім" жобасы. Бұл бастама ауылдық жерлердегі өндірісті дамытуға және жергілікті өнімдердің әлеуетін арттыруға бағытталған. Қатысушылардың 90%-ын әйелдер құрайды. Бүгінде 1 мыңнан астам адам кеңес алып, олардың 742-сі әйел болған. Жобаның 38 қатысушысы финалист атанып, 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алу мүмкіндігіне ие.

Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкі-мен бірлескен "Бизнестегі әйелдер" бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. 2015 жылдан бері 565 консалтингтік және коучингтік жоба өткізілген. Ал "Микробизнестегі әйелдер" онлайн бағдарламасына еліміздің түрлі өңірінен шамамен 10 мың кәсіпкер қатысқан.

"Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпкерлерге несиенің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланады. Қазіргі кезде субсидия мөлшерлемесі 13,2%, ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін 12,2% деңгейінде белгіленген. Несиелер 3 жылға дейінгі мерзімге 200 млн теңгеге дейін беріледі. Жалпы алғанда 365,7 млрд теңгеге 3373 жоба қолдау тапқан. Оның 42%-ы, яғни 1423 жоба әйелдерге тиесілі. Бұл жобалардың жалпы несие көлемі 119,7 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ кепіл жетіспейтін кәсіпкерлер үшін мемлекет кепілдік беру механизмін ұсынады. Осы тетік арқылы шағын және орта бизнеске 7 млрд теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар. Кепілдіктің ең жоғары мөлшері 85%-ға дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды. Жалпы 603,4 млрд теңгеге 3110 жоба қолдау тауып, 304,2 млрд теңгеге кепілдік берілген. Оның ішінде 1262 жобаны әйелдер жүзеге асырған. Олар 67,7 млрд теңге көлемінде кепілдік алып, 132,4 млрд теңге несие рәсімдеген", – делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары шағын және орта бизнесті дамытуға ғана емес, гендерлік теңдікті нығайтуға да ықпал етеді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз