Қазақстан жол апатынан болатын өлім санын қалай 30 пайызға дейін азайтпақ

Фото: Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты
Фото: Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты
Республикада алғаш рет жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша ұлттық стратегия әзірленіп жатыр.

Қазақстанда алғаш рет жол қозғалысы қауіпсіздігі стратегиясының жобасы әзірленіп жатыр. Ол алдағы бес жыл ішінде жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім санын кемінде 30%-ға дейін азайтуы тиіс, деп хабарлады "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" АҚ баспасөз қызметі. 

Жобаны Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасымен Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты әзірлеуде. 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми мәліметтері бойынша, 2024 жылы елімізде 31 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Өкілетті органның хабарлауынша, жол-көлік оқиғалары салдарынан 43 мыңнан астам адам жарақат алып, 2421 адам қаза тапқан. 

"Қалыптасқан жағдайдың алдын алу үшін жүйелі тәсілдер мен шұғыл шешімдер қажет. Сондықтан да, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шараларды қамтитын және барлық мемлекеттік органдардың күшін біріктіретін стратегияны әзірлеу қолға алынды", – делінген ҚазжолҒЗИ хабарламасында.

Жобаға сәйкес, жол қозғалысы қауіпсіздігі стратегиясы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әрбір мемлекеттік орган үшін жол қауіпсіздігі саласындағы нақты жұмыс жоспарын, Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, автожолдардың жобалаудан бастап пайдалануға дейінге өмірлік циклында міндетті қауіпсіздік аудиті мен инспекциясын енгізуді қамтиды.


Оқи отырыңыз: Республикалық маңызы бар күре жолдарда 12 отандық технология сынақтан өтіп жатыр


Стратегияны әзірлеу барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айтарлықтай табысқа жеткен Швеция, Чехия, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты елдердің тәжірибесіне ерекше назар аударылуда. Бұл елдердің қолданылатын тәсілдері Қазақстанның ерекшеліктеріне сәйкес бейімделіп қолданылады.

Құжат елімізде адам өмірін сақтауға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған тұтас әрі тұрақты жол қауіпсіздігі жүйесін қалыптастырудың негізіне айналады деп күтілуде.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары