USD: 475.7 / 479.7
  • EUR: 556.0 / 561.0
  • RUB: 6.41 / 6.53
Тікелей эфир
Алматы +19C
Все города

Қазақстан заман талабына сай келетін, елдің келешегін айқындайтын жаңа Конституция қабылдады – Путин

Фото: Egemen Qazaqstan басылымы
Фото: Egemen Qazaqstan басылымы
Ресей президенті екі ел халықтарының ортақ тарихына зор құрметпен қарайтынын айтты.

Қазақстанға мемлекеттік сапарының қарсаңында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің мақаласы "Егемен Қазақстан" жарияланды. 

Бұл мақаласында Ресей басшысы Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйіне және оның келешегіне қатысты ойларын ортаға салды. 

"Біздің қуатты әрі өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстанға деген құрметіміз ерекше. Елдеріңіздің экономикасы қарқынды дамып жатыр. Халық жаппай қолдаған тиімді ­саяси жүйе қалыптасты. Күні кеше Қазақстанда заман талабына сай келетін, елдің келешегін айқындайтын жаңа Конституция қабылданды. Республика азаматтарының басым көпшілігі осы құжатты қолдап дауыс берді. Сол арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік институттарды нығайту, елді жан-жақты жаңғырту және әлеуметтік-экономикалық, рухани тұрғыдан дамыту жолындағы бастамаларын қолдайтынын көрсетті. Осы ауқымды реформаның бәрі табысты жүзеге асырылып, мемлекетті күшейтуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп сенемін", – деп жазды Владимир Путин.

Ресей президентінің сөзінше, оның Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен қарым-қатынасы шынайылыққа әрі достыққа негізделген. Президенттердің кездесулері мен сұхбаттары әрдайым бүкпесіз, нәтижелі өтеді. 

Владимир Путин Ресей мен Қазақстан – ірі сауда серіктестері екенін атап өтті. Екі ел бірнеше жыл қатарынан экспорт пен импорт көлемінің жоғары деңгейін тұрақты сақтап келеді. Алыс-берістің басым бөлігін ұлттық валюта арқылы жүзеге асырып жатыр. Ресейдің Қазақстан экономикасына салған капиталының жалпы көлемі – шамамен 30 миллиард доллар. Ал Қазақстандағы шетелдік капиталы бар заңды тұлғалардың 40 пайыздан астамы  – ресейлік серіктестермен бірлесіп құрған компаниялар.

"Республикада Ресей инвесторларының қатысуымен 70-ке жуық ірі жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде автокөлік құрастыру, ауыр машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да технологиялық салаларға қатысты тың жобалар бар. Соның арқасында  қазірдің өзінде 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды", – деді Ресей басшысы.

Мақалада Владимир Путин екі елдің ұзақ мерзімге негізделген екіжақты серік­тестігінің маңызды бір бағыты ретінде "бейбіт атом" саласындағы ынтымақтастықты атаған. Қазақстан алғашқы атом электр стансасын салуға кірісті. Осы өте ауқымды жобаға "Росатом" мемлекеттік корпорациясы атса­лысып жатыр. Былтыр Алматы об­лысындағы Балқаш көлінің маңын­да орналасқан АЭС алаңында инже­нерлік жұмыстарды бастау рәсімі өтті.

"Ресейдің ірі IT компаниялары шығарған инновациялық бағдар­лама­лық өнімдер Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Біз ең ­заманауи, яғни жасанды интеллектіге негізделген цифрлық платформалар мен шешімдерді өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, логистика мен көлік, мемлекеттік және муниципалдық басқару, салық салу, білім беру және медицина сияқты салаларға енгізу үшін күш біріктіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Биыл ғарышты игеру жолында күш жұмылдырып, маңызды қадам жасадық. 30 сәуірде "Бәйтерек" кешенінен орта сыныпты "Союз-5/Сұңқар" Ресей-Қазақстан озық зымыраны алғаш рет көк жүзіне жол тартты. Бұл оқиға Юрий Гагариннің Байқоңыр ғарыш айлағынан жердің төменгі орбитасына жасаған тарихи сапарының 65 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мұның символдық мәні зор", – деп жазды Владимир Путин.

Ол өңіраралық және шекара маңын­дағы ынтымақтастық тату көршілік қатынасты нығайтуға айтарлықтай ықпал етіп отырғанына да тоқталды. Сауда, білім беру, ғылым және мәдениет салалары бойынша 80-нен астам келісім жасалған. Аймақтық форумдар мен көрмелер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Түрлі делегациялар және бизнес өкілдері жиі кездесіп тұрады.  

Владимир Путин прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екіжақты ынтымақтас­тықты дамытуға жастардың атсалысуы маңызды екені жөніндегі пікірімен келісетінін айтты. Себебі жастар Ресей-Қазақстан қарым-қатынасының болашағын айқын­дайды, жетістіктерін еселейді және серіктестігіне тың серпін береді.

Мақаладан белгілі болғандай, Қазір Ресей университеттерінде, соның ішінде Қазақстандағы сегіз филиалда 60 мыңнан астам қазақ студенті оқып жатыр. Алдағы оқу жылында Қазақстан азаматтарына арналған үкіметтік квота саны 800-ге дейін артады. Қазақстанда Ресейдің көптеген жетекші университеттерінің филиалдары, соның ішінде Мәскеу мемлекеттік университеті мен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. 2025 жылдың қыркүйек айында Ресейде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. 

Сондай-ақ, Ресей басшысы екі ел халықтарының ортақ тарихына зор құрметпен қарайтынын да айтты. 

"Әсіресе біз үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны ерекше. Елдеріміз жұдырықтай жұмылып, нацизмге қарсы күрескен, зор шығынға ұшырағанына қарамастан, жанқиярлық көрсетіп, бүкіл Еуропаға бейбітшілік орнатқан әкелеріміз бен аталарымыздың ерен ерлігін ешқашан ұмытпайды. Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларға қатысу үшін 8-9 мамырда Мәскеуге арнайы келген Президент Тоқаевқа шынайы ризашылығымызды білдіреміз... Қазіргідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында Ресей мен Қазақстан мықтап қолға алған өңірлік ынтымақтастық тетіктерінің мән-маңызы одан сайын арта түскені анық. Мен бұл жерде, ең алдымен, Астанада алдағы күндері кезекті саммиті өтетін Еуразиялық экономикалық одақ туралы айтып отырмын. Бұған қоса Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті, "Ресей-Орталық Азия" форматындағы кездесулерді атап өтуге болады", – деп жазды Владимир Путин. 

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы аясында да көп жұмыс атқарылып жатқанын ерекше атап өтті. Оның жазуынша, Қазақстан оған зор үлес қосып келеді. Ресей басшысы мұны жоғары бағалайтынын айтты. Наурыз айында Мәскеуде өткен министрліктер деңгейіндегі бірінші конференцияда осы бірегей құрылымның жұмысы басталды. Бұл ұйым әлемде орыс тілінің және орыс тілді мәдени-гуманитарлық кеңістіктің рөлін сақтауды көздеп отыр. 

"Жалпы, Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасымен арадағы көпқырлы одақтастық қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға қашанда дайын. Алдағы сапар барысында өтетін келіссөздер Ресей-Қазақстан серіктестігін одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, дос-тас Қазақстанның барша азаматына зор денсаулық, бақ-береке тілеймін", – деп түйіндеді мақаласын Владимир Путин. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз