Қазақстан құрамасы дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында тарихи жетістікке жетті. Гуаякильде өткен жарыстың аралас командалар бәсекесінде отандастарымыз әлем чемпионы атанды. Бұл туралы Халықаралық дзюдо федерациясы хабарлады.
Финалда Қазақстан құрамасы Бразилиямен кездесіп, тартысты белдесуде жеңіске жетті. Халықаралық дзюдо федерациясының қорытындысы бойынша Қазақстан алтын, Бразилия күміс, ал Моңғолия мен Өзбекстан қола медаль иеленді. Шешуші бәсекеде Қазақстан намысын Ғабит Расулхан, Інжу Жұмажан, Еркен Бекали, Тоғжан Төлебай, Әділжан Жаудинов және Иянат Жұбатқан қорғады.
Қазақстан құрамасы аралас командалар арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет жеңімпаз атанды. Қазақстандық дзюдошылар жекелей бәсекеде де жоғары нәтиже көрсетті. Құрама қоржынына барлығы 10 медаль түсті.
Алтын:
- Ғабит Расулхан – 60 келіге дейін;
- Фатима Сұпығалиева – 52 келіге дейін;
- Әділжан Жаудинов – 90 келіден жоғары.
Күміс:
- Адия Жанахмет – 40 келіге дейін;
- Әділжан Нұрбекен – 50 келіге дейін;
- Інжу Жұмажан – 57 келіге дейін.
Қола:
- Бекарыс Құдайберген – 50 келіге дейін;
- Ахмет Баубек – 60 келіге дейін;
- Ерік Үсенов – 66 келіге дейін;
- Еркен Бекали – 73 келіге дейін.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жас дзюдошыларды әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.