Қазақстан мұнайын шетелге шығаратын негізгі бағыттардың бірі – Каспий құбыр консорциумы (КТК) мұнай қабылдауды уақытша тоқтатты. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, бұған Ресейдің Новороссийск маңындағы терминалға жасалған дрон шабуылдары мен танкерлерге төнген қауіп себеп болған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сарапшылардың айтуынша, КТК бағытының тоқтауы Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін. Өйткені еліміздің экспортқа шығаратын мұнайының шамамен 80%-ы осы құбыр арқылы тасымалданады.
Экономист Бекнұр Қисықовтың пікірінше, экспорттық түсімнің азаюы бюджет кірісіне әсер етіп, әлеуметтік төлемдер мен бағаның өсуіне ықпал етуі мүмкін.
Мұнай сарапшысы Олжас Байділдинов әлемдік нарықта мұнай бағасы өсіп жатқанымен, Қазақстанның одан айтарлықтай пайда көрмейтінін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда мұнай-газ өндірісі баяулап, КТК арқылы экспорт уақытша тоқтап тұр.
Каспий құбыр консорциумы жұмысының қашан қайта жанданатыны әзірге белгісіз. Энергетика министрлігі бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.