Ливанның Джуния қаласында ММА-ден үш жас ерекшелігі бойынша Азия чемпионаты аяқталды. IMMAF-2025 Азия біріншілігіне сары құрлықтың 20 мемлекетінен 400-ден аса спортшы қатысты. Бұл сында ел намысын ресми түрде аккредиттелген Біріккен Қазақстан ММА федерациясының спортшылары абыроймен қорғап шықты.
Ливан төрінде Қазақстан құрамасы сапынан 37 спортшы бақ сынап, оның 31-і медальмен оралды.
Атап айтқанда, 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында Ілияс Бақытжан (52 келі), Берік Айдын (57 келі) және Темен Жанділда (62 келі) чемпион атанды.
16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер бәсекесінде Мия Горадзе (52,2 келі), Руслан Қайыржанов (61,2 келі) және Руслан Мамедовтер (74,8 келі) топ жарды. Карим Нурусов 2-орыннан, Еркебұлан Исламғали мен Егор Ященколар 3-орыннан көрінді.
18-20 жас аралығындағы жастар арасында Аида Абылаева (52,2 келі), Камилла Ким (56,7 келі), Егор Желтов (56,7 келі), Әлішер Ақбақытов (70, 3 келі), Эмирхан Ораз (74,8 келі), Дінмұхаммед Қуанғалиев (+97 келі) алтын медаль жеңіп алды. Одан бөлек, жастар командасының еншісінде 2 қола жүлде бар.

Ал ересектер арасында Матильда Бачурина (52,2 келі), Адэль Махаметова (61,2 келі), Мөлдір Әшірбекова (74,8 келі), Димаш Жақсылық (52,2 келі), Самғат Шабдан (70,3 келі), Диас Өсер (83,9 келі) Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар, ересектер құрамасы Ливандағы Азия біріншілігінде 4 күміс, 4 қола медаль еншіледі.
Жалпыкомандалық есепте ММА-ден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 3-орын иеленсе, жастар мен ересектер командасы жалпы есепте 1-орынға табан тіреді. Осылайша, қазақстандық ММА-шілер қатарынан 11-рет Азия чемпионатында бірінші орын иеленіп отыр.
Ливандағы додада Егор Желтов (Қарағанды облысы) пен Адэль Махаметова (Алматы облысы) үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ал Матильда Бачурина (Ақмола облысы) мен Самғат Шабдан (БҚО) екінші рет Азия біріншілігінің алтын медалін жеңіп алды.
Айта кетейік, бұған дейін ММА-ден Қазақстан құрамасы Грузияда өткен әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте 2-орыннан көрінген болатын.
USD:
521.9 / 524.5
EUR:
612.5 / 617.5
RUB:
6.49 / 6.61