Қазақстан мен Ресей музейлері қазақ этнографиялық материалдарының каталогын әзірлеуде күш біріктіреді

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында екі елдің мәдени ынтымақтастығына қатысты жаңа жобалар талқыланды.

Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде "Мәдени дәстүрлерді біріктіру және заманауи шығармашылық тәжірибелер: Қазақстан мен Ресейдің мәдени ынтымақтастығы" тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста мәдени ынтымақтастықтың айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, тараптар бірлескен көрмелер ұйымдастырып, кинофестивальдер өткізіп, өнер ұжымдарының гастрольдерін жолға қойып келеді. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін бірлесе іздестіріп отыр.

"Кездесулеріміздің дәстүрлі сипат алып келе жатқаны өте маңызды. Осыдан бір жыл бұрын да осындай дөңгелек үстелде бас қосып, ынтымақтастықтың келешегін талқылаған едік. Бүгінде мәдениет саласының іс жүзіндегі барлық бағыты бойынша нақты нәтижелер туралы нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Бұл музей және архив ісінен бастап, театрлар мен концерттік ұйымдар арасындағы байланыстарға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Мұның бәрі осындай диалогтың нақты нәтиже беретінін әрі мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды мазмұндық тұрғыдан байытып, кеңейтуге жол ашатынын көрсетеді. Бүгінгі кездесу де өзара ұстанымдарды тағы бір пысықтап, жаңа бастамалар ұсынуға және бірлескен іс-шаралар аясын кеңейтуге мүмкіндік береді", – деді Аида Балаева.

Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев те Ресей тарапы Қазақстанмен мәдени байланыстарды дамытуға ерекше мән беретінін айтты.

"Біз Қазақстанмен мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Бауырлас Қазақстан Ресейдің мәдениет қайраткерлерін ерекше ықыласпен қарсы алып келеді. Бұл екі елді ортақ мәдени кеңістік, рухани құндылықтардың сабақтастығы байланыстырып отырғанын тағы бір мәрте айғақтайды. Сондай-ақ, Ресейде өткен Қазақстан мәдениеті күндерін де ыстық ықыласпен еске аламыз. Ол маңызды оқиғаға айналып, шығармашылық байланыстарымыздың жоғары деңгейін танытты. Бүгін біз үшін алдағы жылдардағы өзара ықпалдастықтың келешегін талқылау аса маңызды. Әсіресе музей ісі, театр саласы, білім беру, кітапхана ісі және ынтымақтастықты нақты мазмұнмен байыта алатын өзге де бағыттар бойынша пікір алмасу қажет", – деді ол.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Дөңгелек үстелде музей ісіне басымдық берілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен І Петр атындағы Антропология және этнография музейі қазақ этнографиялық материалдарының каталогын бірлесіп әзірлеу жөнінде келісімге келді. Бұдан бөлек, Мемлекеттік Эрмитажбен бірлесіп, 2027 жылдың күзіне жоспарланған жаңа археологиялық көрмелер мен өзара экспозициялар дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал, биыл күзде Қазақстан Республикасы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Мемлекеттік Третьяков галереясы қорынан алынған туындылар ұсынылатын "ХХ век русского искусства в 30 шедеврах" атты көрме ашылады.

Сонымен қатар реставрация саласындағы әріптестік те жандана түсті. Қазақстан тарапы осы бағыттағы мамандардың Ресей орталықтары базасында тағылымдамадан өту бағдарламаларын жалғастыруға, сондай-ақ шекаралас аумақтардағы музейлермен каталогтау және архив ісі бойынша бірлескен жұмысты тереңдетуге дайын екенін білдірді.

Киноиндустрияда фестивальдік көрсетілімдерден гөрі фильмдерді бірлесіп түсіру мен ілгерілетуге басымдық беріле бастады. "РОСКИНО" өкілі ортақ практикалық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Ал, "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы дайындық кезеңі аяқталуға жақын қалған "Время" фильмі бойынша жұмысты жалғастыруға әзір екенін растады. Түсірілім жұмыстары Қазақстан мен Ресей аумағында өтеді деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге Ресейдің Мемлекеттік киноқорында сақталған қазақ киносының құнды мұрасын цифрландыру ісі қатар жүргізіліп жатыр.

Кездесу барысында жас ресейлік және қазақстандық композиторлар арасындағы кәсіби тәжірибе алмасу мәселелері де сөз болды. Сондай-ақ, джаз музыкасын дамытуға басымдық беру және концерттік алаңдар арқылы өзара ықпалдастықты жетілдіру жолдары талқыланды. Хореография өнерін өркендету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағытта бірлескен білім беру бастамаларын, тағылымдама бағдарламаларын, шеберлік сабақтарын жүзеге асыру, сондай-ақ екі елдің бейінді академияларында қос дипломды даярлау жүйесін енгізу перспективасы қарастырылды.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз