Тікелей эфир

Қазақстан колледждеріне құжат қабылдау басталды

Талапкерлер құжаттарды бірден төрт колледжге төрт мамандық бойынша тапсыра алады.

Бүгін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжат қабылдау басталды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Абитуриенттер колледжде оқуға екі тәсілмен: 25 маусымнан бастап қағаз және 1 шілдеден бастап eGov.kz порталы арқылы электрон түрде өтінім бере алады.

9-сынып бітірушілер үшін құжат қабылдау мерзімі 25 маусымнан 18 тамызға дейін, ал 11 сынып бітірушілер үшін 25 маусымнан 20 тамызға дейін жалғасады:

  • шығармашылық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін,
  • педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 15 тамызға дейін.

"Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалаврға түсушілер оқуға аттестаттың орташа балы негізінде қабылданады. Бағалап бөлу міндетті және бейіндік пәндердің орташа конкурстық балы негізінде автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Жұмысшы мамандығына түсетін түлектер әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады", – делінген хабарламада.

Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша оқуға түсетін түлектер арнайы және шығармашылық емтихандар тапсырады немесе әңгімелесуден өтеді.

"Оны қабылдау комиссиялары жүргізеді. Оқуға түсушілер үшін конкурстар 19-25 тамыз, өнер және мәдениет мамандықтары бойынша 29 шілде-2 тамыз аралығында өтеді", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, талапкерлер құжаттарды бірден төрт колледжге төрт мамандық бойынша тапсыра алады. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша барлығы 145 мың абитуриентті оқуға қабылдау жоспарлануда, бұл өткен жылдан 10 мың орынға артық.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары