Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында үкімет басшысы президентке экономикалық реформаларды іске асыру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде баяндады. Сондай-ақ елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары таныстырылды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде ішкі жалпы өнім өсімінің 70 пайыздан астамы өнеркәсіп, сауда және көлік салаларының үлесіне тиесілі болып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18,5 трлн теңгеге жеткен, ал жеке инвестициялар 9,8 пайызға артқан.
Үкімет басшысы халықтың нақты табысын өсіру мен тұрмыс сапасын жақсарту экономикалық өсімді қамтамасыз етудің басты басымдығы екенін атап өтті. Осы мақсатта инфляция деңгейін төмендетуге бағытталған кешенді шаралар қарастырылып жатыр.
Оқи отырыңыз: Сиыр етін экспорттауға шектеу: үкімет ет бағасын әкімшілік жолмен тұрақтандыруға кірісті
Сонымен қатар премьер-министр 2026 жылғы дала жұмыстарын қаржыландыру ерте басталғанын мәлімдеді. Бұл қадам ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспорттауға басымдық бере отырып, егіс алқаптарының көлемін сақтауға және ұлғайтуға бағытталған.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысына елдің тұрақты дамуын азаматтардың мүддесіне сай қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
lw-3094948329-1
USD:
505.1 / 510.1
EUR:
594.0 / 600.0
RUB:
6.43 / 6.55