Қазақстанның бокс федерациясы ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанды, деп хабарлады ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі.
"Конгресс барысында Халықаралық олимпиада комитеті мақұлдаған World Boxing Жарғысына енгізілген өзгерістер туралы пікірталас болды. Сонымен қатар, жарыс өткізу регламентіне де енгізілген өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, турнирлер жаңа салмақ дәрежелерінде өткізіледі. Сондай-ақ, төрешілердің жекпе-жек барысындағы және жеңімпаздарды анықтау кезіндегі жұмысына да өзгерістер енгізілді", – делінген ҰОК хабарламасында.
World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Конгресс қатысушыларын алдында сөз алып, U19 жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын және Конгресті ұйымдастырғаны үшін US Boxing ұйымына алғыс білдірді.
Конгресс барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.
Айта кетейік, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылған. Бүгінде World Boxing ұйымына 55 кіріп отыр.
Оқи отырыңыз: Геннадий Головкин Қазақстан ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы болып сайланды