Әлеуметтік желілерде 14 Қазақстан азаматы бүгін қақтығыс аумағынан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне жеткізіледі деген расталмаған мәлімет тарап жатыр. Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді.
"Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуге тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі Министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін", – делінген ресми мәлімдемеде.
Сырты істер министрлігі Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмыс істеп жатқанынын және мәселе тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Бұл жұмыстың нәтижелері туралы СІМ қосымша хабарлайды.
СІМ азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды. Қазақстан Республикасының заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделген.