Алматыда "Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауын ұйымдастыру бойынша баспасөз-конференциясы өтті. Оған байқаудың ұйымдастыру комитеті мен 2022 және 2023 жылғы "Қазақстан аруы" байқауларының жеңімпаздары қатысты.
Жобаның қайырымдылық менеджері Рамина Ибраимованың айтуынша, байқау жеңімпаздары қазірдің өзінде 12 қайырымдылық бастамаға, соның ішінде "Алматы – біздің ортақ үйіміз" акциясына қатысқан. Ал байқау елшісі Дильназ Тилаева халықаралық аренадағы байқауға қатысу тәжірибесіне тоқталып, ұйымдастыру сапасы жағынан "Қазақстан аруы" әлемдік байқаулардан еш кем түспейтінін айтты.
Еске салайық, "Қазақстан аруы" байқауының жеңімпаздарына "Әлем аруы", "Жер аруы" және "Ғалам аруы" сияқты байқауларда өнер көрсетуге мүмкіндік беретін үш халықаралық лицензияға ие.
Байқаудың кастинг-директоры Диана Әбішеваның айтуынша, биыл байқауға қатысу үшін ашық кастингтер еліміздің 15 қаласында, соның ішінде Астана мен Алматыда өтеді.
Қыздарға қойылатын негізгі талаптар:
- жасы 18 бен 25 жас аралығы;
- бойы 165 сантиметрден жоғары;
- ҚР азаматы болу;
- некеге тұрмаған болуы және балаларының болмауы.
Байқауға қатысуға ниет білдіргендер байқаудың сайтында онлайн өтінімді толтырып, кастингке тікелей қатыса алады.
Жаңа маусымның басты тақырыбы – "The art of being a woman". Ол "Әйел болу – өнер" дегенді білдіреді. Ұран қыздардың өнердегі және шығармашылықтағы дарындарын ашып қана қоймай, әйелдердің спорттан бастап, әлеуметтік мәселелерге дейінгі әртүрлі салалардағы қызметін көрсетуді көздейді.
Қазақстанның барлық қалаларында кастингтер басталып кетті, ол туралы соңғы жаңалықтарды байқаудың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан бақылап отыруға болады.