Қазақстанда жаңа инвестициялық цикл қалыптасып жатыр. Енді негізгі мақсат тек тартылатын капитал көлемін ұлғайту емес, оның құрылымын өзгертуге бағытталған. Басымдық өңдеу өнеркәсібіне, терең өңдеуге, жоғары технологиялық өндірістерге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға берілмек, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Бұл бағыт мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында айқындалған. Үкіметке өндірістік секторға сапалы инвестициялар тартуды күшейту, экономика қажеттілігіне қарай "инвестицияларға тапсырысты" қалыптастыру және инвесторларды сүйемелдеудің тиімді жүйесін құру тапсырылған.
"Ірі жобаларды іске асыру үшін инвестициялар туралы келісімдерді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл тетік 2021 жылдан бері жұмыс істейді және құны 32 млрд теңгеден асатын жобаларды қамтиды. Ереже бекітілгеннен бері жалпы сомасы 17,8 трлн теңгеден асатын 66 инвестициялық келісім жасалған. Оның ішінде 2024 жылы – 6, 2025 жылы шамамен 11,2 трлн теңгеге 30 келісім жасалды. Ал 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы шамамен 4,4 трлн теңгені құрайтын 25 келісім жасалған. Жобалар фармацевтика, энергетика, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларын қамтиды", – делінген хабарламада.
Инвесторларды сүйемелдеудің жаңа жүйесі де енгізіліп жатыр. 2025 жылдан бастап үш деңгейлі модель жұмыс істейді. Өңірлер басым жобалардың тізімін жасап, инвесторларды нысаналы түрде іздейді.
Жобаларды іске қосуды жеделдету үшін Fast Track – "жасыл дәліз" тетігі енгізілді. Сонымен қатар өңірлерде инвестициялық штабтар құрылып, бақылаушы органдар тарапынан негізсіз қысымды азайту үшін "прокурорлық сүзгі" қолданылып жатыр.
"Инвесторларды қорғау және жобаларды бақылау цифрландырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа құрылып, 2024 жылғы желтоқсаннан бастап жобалардың іске асырылуын бақылау және туындаған мәселелерді жедел шешу үшін пайдаланылып келеді. Инвестициялық саясаттың өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық салаларға ауысуы көрсеткіштерден де байқалады. 2019–2025 жылдары негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6 трлн теңгеден 23,5 трлн теңгеге дейін өскен. Ал өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі үш есеге жуық артып, 1 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге жеткен. Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібінің жалпы инвестициядағы үлесі 8,1%-дан 12,7%-ға, ал өнеркәсіп ішіндегі үлесі 13,1%-дан 31,3%-ға дейін өсті. 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд долларды құрап, бір жылда 14,4%-ға артқан", – делінген хабарламада.
Үкіметтің мәліметінше, капиталдың шикізаттық емес салаларға бағытталуы да күшейген. Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар 47,4%-ға өсіп, 1,4 млрд долларға жетсе, қаржы қызметіндегі инвестициялар 4,3 млрд долларды, байланыс саласында 1,3 млрд долларды құраған. Ал өндіруші сектордағы көрсеткіш 47%-ға, яғни 3 млрд долларға төмендеген.
Қазақстанға инвестиция салатын елдердің қатары да кеңейіп келеді. Нидерланд, Ресей, Қытай, АҚШ, Швейцария және Франциямен қатар, БАӘ, Қатар мен Сингапурдың үлесі артқан. Қазір KAZAKH INVEST портфелінде 78,6 млрд доллар көлеміндегі 215 жоба бар. Олар іске асқан жағдайда 88 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 32,2 млрд доллар болатын 93 жоба жүзеге асырылып жатыр, тағы 46,4 млрд долларлық 122 жоба пысықталу кезеңінде.
Инвестициялық саясаттағы басым бағыттардың бірі – фармацевтика. Үкімет дәрі-дәрмек өндірісін локализациялау арқылы отандық өнімнің нарықтағы үлесін 50%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.
"2026 жылғы қаңтарда Үкімет 173 млрд теңгеге төрт жаңа фармацевтикалық өндіріс бойынша келісімдерді мақұлдады. Қазақстанда дәрілік заттардың 356 түрін шығаруды локализациялау жоспарланған. Олардың қатарында Алматыда 58,5 млрд теңгеге салынатын "АлтИНФАРМ" зауыты, 39,2 млрд теңгелік "Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы" кешені, Алматы облысындағы құны 39 млрд теңге болатын "Абди Ибрагим Глобал Фарм" жобасы және Түркістан мен Алматы облыстарындағы 36,7 млрд теңгелік "МСП-РОМФАРМ" зауыты бар. Сонымен қатар Шымкенттегі "Химфарм" өндірісін кеңейтуге 39,5 млрд теңге инвестиция бағытталмақ. Жоба аясында 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған", – делінген хабарламада.
Қарағанды облысында фармацевтикалық кешенді салу және жаңғыртуға 42,5 млрд теңге инвестиция тартылса, "Алатау" АЭА аумағында Steppe pharmaceuticals толық циклді биофармацевтикалық кешенін салуға тағы 32,5 млрд теңге бағытталады.