Үндістандық саяхатшылардың Орталық Азияға қызығушылығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, 2025 жылы Қазақстан Үндістан үшін ең жылдам өсіп келе жатқан халықаралық бағыттардың біріне айналды. Бұл туралы Niyo финтех-платформасы жариялаған жаңа саяхат трендтері туралы есептен белгілі болды.
"Niyo Rewind 2025" атты жылдық есеп платформаның іздеу сұраныстары, әуе билеттері, виза өтінімдері және халықаралық транзакциялар бойынша үлкен массивін талдау арқылы жасалған. Соның нәтижесінде Қазақстан Үндістаннан келетін жастар үшін Орталық Азиядағы №1 бағыт ретінде аталды. Шымбұлақ секілді қысқы курорттары, тау табиғаты, шығынның салыстырмалы төмендігі және альпілік ландшафттар Қазақстанды тартымды етеді.
Есепке сәйкес, Қазақстан 2025 жылы үнді туристері ең көп іздеген халықаралық бағыттардың ішінде төртінші орын алған. Бұл көрсеткіш Сингапур, Вьетнам және Франция сияқты кең тараған бағыттарды басып озған. Елге үнділер жасаған халықаралық сапарлардың 7,38%-ы тиесілі болып, Қазақстанды Үндістанның ТОП-10 сыртқы бағыттарының қатарына енгізді. Саяхат ағыны жылдық динамикада екі есеге жуық өсіп, Қазақстанды Үндістан үшін әуе бағыттары бойынша ең жылдам өсіп жатқан бестіктің қатарына қосты.
Есепте Қазақстанды тартымды еткен бірнеше фактор аталған. Олар:
- Алматының табиғаты;
- Үндістаннан ұшу уақытының қысқалығы;
- Виза рәсімдеу тәртібінің жеңілдеуі;
- Инфлюенсер контентінің әсері;
- Шымбұлақ, Үлкен Алматы көлі, Медеу, Шарын шатқалы сияқты көрнекті локациялар.
Niyo деректері бойынша, қазіргі таңда үнді халықаралық саяхатшыларының 90 пайыздан астамын Gen Z және миллениалдар құрайды. Олар бюджетке сай, бірақ әлемдік тәжірибеден қалыс қалмауға тырысады.
Айта кетейік, туризмнің өзі Қазақстанда да рекордтық көрсеткіштер көрсетуде. 2025 жылдың алғашқы жартысында елге 7,5 миллионнан астам шетелдік келген, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 600 мыңға көп. Үкімет 2029 жылға қарай туризм саласын 10 млрд еуролық индустрияға айналдыруды және жылына 15 млн турист қабылдауды жоспарлап отыр.
Ел қазір Дүниежүзілік экономикалық форумның Туризм мен саяхаттың даму индексінде 52-орында. 2024 жылы салалық инвестициялар 20%-ға өсіп, жылдық көлемі 1,6 млрд еуроға жетті. 2024 жылы 100-ге жуық жаңа қонақүй ашылды, ал сала табысы 30%-ға артты.
USD:
506.1 / 509.1
EUR:
592.5 / 596.5
RUB:
6.43 / 6.55

