«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаевпен бірге Ұлытау облысын дамыту бағдарламасы аясында компания қаржыландырып отырған негізгі әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары барысында «Қазақмыс» кәсіпорындарының жұмыскерлері мен қала тұрғындары үшін маңызды нысандар араланып, құрылыс жұмыстарының орындалу мерзімі, сапасы және нысандарды уақытында пайдалануға беру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Негізгі жобалардың бірі тарихы тау-кен өндірісімен тығыз байланысқан қаладағы маңызды қоғамдық кеңістік – Кенші даңқы алаңын қайта жаңғырту. Жаңартылған алаң кеншілердің еңбегіне деген құрметті айшықтап қана қоймай, қаланың заманауи қоғамдық және мәдени орталығына айналады.
Жоба аумақты кешенді абаттандыруды және барлық жастағы тұрғындарға арналған функционалды аймақ құруды көздейді. Оның аясында балалардың ойын алаңын, воркаут аймақ, жаяу жүргіншілер жолын, субұрқақ, шағын сәулет нысандарын салу және көгалдандыру элементтерін орнату жоспарланған.
Жобаны іске асыру қалалық ортаның жайлылығын арттырып, қоғамдық белсенділікті дамытуға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Құрылыс-монтаж жұмысын аяқтау мен нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың III тоқсанына жоспарланған.
Сондай-ақ делегация қалалық аурухананы қайта жаңғырту және заманауи травматологиялық пункт салу барысымен танысты. Жоба халыққа жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және қаланың денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған.
Ұйымдастыру рәсімі аяқталғаннан кейін құрылыс бекітілген кесте бойынша жалғасады. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Сапар қорытындысы бойынша Руслан Өскенәлі мен Мұрат Бөрібаев аталған жобалардың іске асырылуы корпорация мен әкімдіктің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.

