Қазақмыс пен Ұлытау облысы әкімдігі Жезқазғанның спорт инфрақұрылымын дамыту туралы келісімге қол қойды

Фото: Kazakhmys Telegram арнасы
Фото: Kazakhmys Telegram арнасы
Жезқазғанда 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы салынады.

"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС мен Ұлытау облысының әкімдігі Жезқазған қаласының спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумды рәсімдеді. Құжатқа Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Келісім аясында Қазақмыс Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп, Жезқазған қаласында 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы мен заманауи теннис орталығының құрылысына қатысты екі ірі жобаны пысықтауға кіріседі. Бұл бастамалар заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға, тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасауға және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған. 

"Жезқазған қаласында жаңа теннис орталығы мен 6 мың көрерменге арналған стадион салуды жоспарлау жөніндегі меморандумға қол қойдық. Бұл нысандар қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен жастарға спортпен тұрақты айналысуға жаңа мүмкіндіктер береді. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл және 2027 жылы өңірімізде 25-тен астам ірі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы басталады. Біздің басты міндетіміз – облысқа инвестиция тарту қарқынын бәсеңдетпей, жүзеге асырылып жатқан жобалардың нақты нәтижесін халыққа сезіндіру", – деді облыс әкімі Есет Байкен. 

6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионын 2027-2028 жылдары салу жоспарланған. Жаңа нысан жергілікті футбол командалары мен спорт мектептерінің жыл бойы жаттығу өткізіп, ойын ұйымдастыруын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар стадионда облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге жағдай жасалады. Стадионның әмбебап форматы ауа райының құбылуына қарамастан ірі спорттық, қоғамдық және мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. 

Фото: Kazakhmys Telegram арнасы

Заманауи теннис орталығының құрылысы 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Жоба аясында жабық және ашық теннис корттарын, әкімшілік-тұрмыстық кешен, жаттығу залдарын, сондай-ақ спортшыларға медициналық қолдау көрсетуге және жаттығудан кейін қалпына келуіне арналған бөлмелер салу көзделген. Орталық Жезқазғанда балалар мен жастар арасында теннисті дамытуға арналған заманауи базаға айналып, тұрақты жаттығу өткізуге және жарыс ұйымдастыруға жағдай жасайды. 

"Қазақмыс үшін Ұлытау облысы – компанияға қатысы бар негізгі өңірлердің бірі. Бұл жерде біздің жұмыскерлер өмір сүріп, олардың отбасы, бала-шағасы өсіп-өніп жатыр. Сондықтан біз үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындарға жаңа мүмкіндік сыйлаудың маңызы зор. Біздің мақсатымыз – тұрғындарға қажетті және өңірдің игілігі үшін ұзақ жылдар бойы қызмет ететін заманауи инфрақұрылым қалыптастыру", – деді "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі. 

Қол қойылған меморандум жобаларды практикалық тұрғыдан пысықтаудың келесі кезеңіне жол ашады. Қазақмыс Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп, болашақ нысандардың негізгі техникалық-экономикалық талабын, сәулеттік келбеті мен сипаттамасын айқындайды. 

2026-2027 жылдары Жезқазғанда Қазақмыс компаниясының бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жаңа жобалары жүзеге асырылып, іске қосылады. Олардың қатарында мешіт пен Конгресс-орталық салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мәдениет нысандарын жөндеу және Кеңгір су қоймасының жағалауын абаттандыру және т.б. жұмыстар бар. Футбол стадионы мен теннис орталығын жобалау кезеңі аяқталғаннан кейін, оларды қаржыландыру көлемі компанияның өңірдегі әлеуметтік инвестициясының жалпы бюджетіне қосымша енгізіледі. 

Жобаларды іске асыру Қазақмыстың өзіне қатысы бар өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың спортпен шұғылдануына және белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасауға, сондай-ақ жас ұрпақты дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болмақ.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау