Қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі әзірленеді

Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан.

Қазақстанда қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі әзірленеді. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді.

Оның айтуынша, "қыркүйек" пен "қыргүйек" сөздерінің жазылуына қатысты пікірталас тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес.

"Қыркүйек" пен "қыргүйекке" қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл – тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені, қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас", – деді Ерлан Қарин.

Вице-президент мемлекеттің жекелеген сөздердің қалай жазылатынына араласпайтынын атап өтті. Бұл сала мамандары мен ғалымдардың міндеті. Ал мемлекеттік органдардың міндеті – тіл саясатына қатысты жұмысты тиімді үйлестіру.

Осыған байланысты тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдар бас қосып, мәселені талқылаған. Кездесу барысында қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігін әзірлеу туралы шешім қабылданған.

Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік әзірленеді. Кейін еңбек мекемеаралық комиссияның қарауына ұсынылып, бекітіледі.

Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі соңғы рет 2013 жылы жарық көрген. Содан бері тіл қолданысына көптеген жаңа сөздер енген. Ерлан Қарин қазіргі пікірталастардың бір себебі де осы екенін айтты.

"Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз", – деді вице-президент.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау