Қазақ қызы Әсел Робертс АҚШ-тың Словениядағы елшісі болып тағайындалды, деп хабарлады Mladina басылымы.
Оның кандидатурасын АҚШ президенті Дональд Трамп биыл ақпан айында ұсынса, наурызда ол Сенат комитетіндегі тыңдаудан өтіп, оң бағасын алған болатын.
Әсел Робертс – АҚШ мемлекеттік департаментінде 20 жылдан астам қызмет еткен тәжірибелі дипломат. Ол Словенияның Еуроатлантикалық аймақтағы қауіпсіздік пен қорғаныс жүйесіндегі маңызды рөлін атап өтті.
"Егер маған қолдау көрсетсеңіздер, Словенияның Еуроатлантикалық өңірдегі тежеу және қорғаныс жүйесінің негізгі буыны болып қала беруіне күш саламын. Сонымен қатар, Словенияның Орталық Еуропа мен Батыс Балқан тоғысындағы стратегиялық орналасуы трансатлантикалық сауданы дамытуға мүмкіндік береді", – деді Әсел Робертс.
Ол 1976 жылы Қазақстанда дүниеге келген. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударған. Ол Georgetown University жанындағы Эдмунд Уолш атындағы дипломатиялық қызмет мектебінде халықаралық құқық және халықаралық ұйымдар мамандығы бойынша білім алған.
Әсел Робертс орыс, қазақ және жапон тілдерін меңгерген. 2021-2022 жылдары АҚШ протокол қызметінің жетекшісі міндетін атқарған. Қазіргі уақытта да Мемлекеттік департаменттің осы бөлімінде жұмыс істейді.

