
Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев Қазақстан медицинасында 3D-принтинг технологиясымен жасалатын титанды сүйек импланттарды қолдану мәселесі зерттеліп жатқанын айтты.
Қазіргі таңда әлемде бұл технология дененің өмірлік маңызды бөліктерін сақтауға мүмкіндік беретін перспективті әдістің бірі. Осы технологиямен шығатын импланттар күрделі операцияларда қолданылып, әр пациент үшін жеке дайындалады. Оның арқасында ота уақыты қысқарады, қан шығыны және инфекция жұқтыру қаупі азаяды.
"Елімізде ұлттық ғылыми медициналық орталықтар мен жоғары оқу орындарында донорлық органдар ретінде қолданылатын дененің өмірлік маңызды бөліктерін 3D принтинг технологиясы арқылы басып шығару бойынша зерттеулер жүргізілуде. 3D принтинг технологиясын сатып алу және субсидиялау механизмі жоғарғы технологиялық медициналық көмектің тізбесіне енгізуді және мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды ұлғайтуды талап етеді, көрсетілетін қызметтерді Республикалық бюджеттік комиссия міндетті түрде қарауға тиіс", – деді Ермек Көшербаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық жаңа стартап: Адамның иммундық жүйесі жасанды интеллект көмегімен бақыланады
Үкімет өкілі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2023-2025, 2024-2026 жылдарға арналған гранттық және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру шеңберінде онкологиялық және травматологиялық операциялардан кейінгі реабилитация барысында қажетті 3D-принтермен жасалған титанды сүйек имплантаттары бойынша Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травмотология және ортопедия орталығында 3 жоба жүзеге асырылып жатыр.
"Медициналық көмектің тізбесіне жаңа технологияны енгізу үшін зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен ғылыми қорытындының негіздемесі айқындалып, Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі бірлескен комиссия отырысында талқыланып, шешім қабылданады. Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу институттары травматология, онкология, жақ-сүйек хирургиясы бойынша бейінді мамандарды даярлау, диагностикалық емдеу, оның ішінде жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу, үйлестіру, бағыттау бойынша жұмыстарды жүргізуде", – деді премьер-министрдің орынбасары.
Оқи отырыңыз: Жетекші мамандар Алматыда ревматологиялық аурулардың алдын алу тәсілдерін талқылау үшін бас қосты
Ол 3D-принтинг технологиясы толықтай зерттеліп, енгізілгеннен кейін медициналық жоғары оқу орындарының базасында құзырет орталығын құру, отандық импланттарды жасау туралы арнайы бағдарлама, оның өндірісі және мамандарды оқыту мәселелері Денсаулық сақтау министрлігімен қаралатынын атап өтті.