Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ ғимаратында "Қазақ даласындағы ислам тарихы" мұражайының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ ҚМДБ Ғұламалар және Сарапшылар кеңесінің мүшелері қатысты.

Жиынның ашылуында Бас мүфти мұражайдың ел руханияты үшін маңызына тоқталды.
"Бүгін біз халқымыздың сан ғасырлық рухани мұрасын, имани құндылықтарын және тарихи жадымызды жаңғыртатын айтулы оқиғаның куәсі болып отырмыз. Ислам өркениетінің әр дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер мен сирек қолжазбаларды бір арнаға тоғыстырған бұл орталық – ел руханияты үшін баға жетпес қазына. Мұражай тек өткеннің куәсі ғана емес, болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беретін тағылым ордасына айналмақ. Әрбір жәдігер – бабалар даналығы мен ілімінің көрінісі", – деді ол.
Сондай-ақ, Бас мүфти қазақ тарихының Ислам дінімен біте қайнасқанын, оның айқын дәлелі ретінде Қараханиттер мемлекеті дәуірінен бастау алған рухани өрлеуді атап өтті.