Павлодарда 1941 жылы жарық көрген латын тіліндегі оқулық музейге тапсырылды. Бұл туралы Pavlodarnews.kz жазды.
Бұқар жырау музейінің қызметкерлері ел арасынан 1941 жылы жарық көрген Qazaq әdebieti (Қазақ әдебиеті) хрестоматиясын іздеп тапты. Кітап латын тілінде, орта мектептің 9-сынып оқушыларына арналған. Алматы қаласындағы қазақтың біріккен мемлекеттік баспасынан шыққан.
Құрастырушысы – әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Есмағамбет Ысмайылов.
Кітап-оқулықтың ерекшелігі – кеңес заманының алғашқы жылдары шығармашылығына тыйым салынып, есімдерін ел айтуға қорыққан тұлғаларымыздың әдеби дүниелері жарық көріп, сол тұстағы қазақ балаларына оқытылған.
Хрестоматияда Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шәңгерей Бөкеев, Ақан сері Қорамсаұлы, Нармамбет Ормамбетұлы, Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ығылман Көреков және тағы басқа әдебиет өкілдерінің, жалпы саны 20 ақын-жазушының шығармалары басылған.
Оқи отырыңыз: Ақтауда мектеп оқушысы Қажымұқан туралы комикс кітап шығарды
Жәдігер-кітапты музейге Ақтоғай ауданы Мүткенов ауылының тұрғыны, зейнеткер Нұраш Бейсембаева тапсырып отыр.
"Мен біраз жылдар бойы Мүткенов ауылының мектебінде қызмет атқардым. Мұражай 1985 жылы ашылған болатын, жәдігерлерді ауылдар бойынша мұғалімдер жинады. Осындай сирек кездесетін оқулық осылай жетті, бірақ жөндеуден кейін ол жоғалып кеткен. Жақында оны тауып алдым. Табылған затты бұрынғы оқушыларымның бірі – Абзал Рымбек экспонатты Бұқар жырау атындағы мұражайға тапсыруды ұсынды", – деді ауыл тұрғыны.