Білім күні қарсаңында тарих оқулықтарының сапасы мен ондағы қателер мәселесі қайта көтерілді. Бұл туралы экс-сенатор Дархан Қыдырәлі Facebook-тегі парақшасында жазды.
Экс-сенатордың пікірінше, оқу жылындағы басты мәселелердің бірі – мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды жүйелі түрде жою. Әсіресе тарих пәні оқулықтарындағы қателердің маңызы бөлек, өйткені тарихи білім ұлттық сананың қалыптасуына тікелей әсер етеді.
"Ұлттық сана тарихи сана арқылы қалыптасады десек, қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасатыны анық. Сондықтан бұл өте ойланарлық, дабыл қағарлық жайт болса керек", – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы дәстүрлі Тамыз конференциясында тарих оқулықтарындағы мәселеге арнайы тоқталып, 700-ден астам қатені түзетуді тапсырған.
Дархан Қыдырәлі бұл мәселені бұған дейін де көтергенін еске салды. 2024 жылғы 11 қаңтарда Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында тарих оқулықтарындағы қателерді түзетумен қатар, Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өту мәселесін ұсынған.
Сондай-ақ депутат қазақ мемлекеттілігінің тарихын оқулықтарда кеңірек әрі жүйелі қамту қажеттігін айтқан. Атап айтқанда, Жошының қазақ хандарының атасы ретіндегі тарихи орнына, Ұлық ұлыс – Алтын Орда тарихына, Моғолстанның қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы рөліне және Қазақ хандығының құрылу тарихына көбірек көңіл бөлу керектігін алға тартқан.
"Мектеп оқулықтары көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуға тиіс. Оқулықтарға қазақ мемлекеттілігінің бастаулары туралы соны деректер енгізу керек. Мәселен, тарихи Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекетіне 6-7 сыныпқа арналған оқулықта 1 параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде, Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі" деп, қазақ тарихының Ұлық ұлыс – Алтын Орда сынды жарқын беттерін көптеп енгізуді ұсынған болатынбыз", – деді экс-сенатор.
Алайда 2024 жылы жолданған депутаттық сауалға Үкіметтен жауап келгенімен, ол жауаптың көңіл көншітпегенін атап өтті. Оның айтуынша, көтерілген мәселелердің бірқатары әлі де өзекті болып отыр.
Енді экс-сенатор оқулықтардағы қателерге қатысты бірқатар нақты сұрақ туындайтынын айтады: оқулықтардағы қателерге кім жауапты? Олар қандай бақылау кезеңдерінен өтіп барып баспаға жіберілген? Қателер қалай анықталды? Қашан және қандай тәртіппен түзетіледі?
Дархан Қыдырәлі осы оқу жылында тарих оқулықтарындағы анықталған олқылықтар толық жойылады деп үміттенеді. Мәселе тек оқулықтағы қате әріп немесе дұрыс жазылмаған тарихи датада емес. Тарихи оқулық – жас ұрпақтың өткен туралы түсінігін қалыптастыратын негізгі құралдардың бірі. Сондықтан оның мазмұнына қойылатын талап та жоғары болуы тиіс деген пікірде.