Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Түрікменстанда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, саммитті ойдағыдай ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.

"Қазақстан Түрікменстанның Ұйымға төрағалық жасаған кезеңінің нәтижелерін және ТМД-ның ортақ күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалайды. Осыған орай, құрметті әріптес, Сіздің жоғары кәсіби деңгейдегі жұмысыңызға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі саммит ТМД 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Ұйымның бастауында тұрды. 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы шын мәнінде мемлекеттеріміздің тарихындағы бетбұрысты сәт болды. ТМД-ның құрылуы посткеңестік кеңістіктегі жаппай қақтығыстың алдын алды. ТМД-ның біріктіруші миссиясы елдеріміз тәуелсіздік алған кезеңде айқын көрінді десек, артық айтқанымыз емес. Одақ құрамындағы елдер ірге бөлген күрделі сәтте тарихи байланыстарымызды сақтап, мемлекетаралық ықпалдастықтың мүлдем жаңа форматын құрдық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол осы жылдарда Достастық ұйымы сенім мен ынтымақтастықты дәріптейтін тиімді көпжақты тетік ретінде бүкіл әлемге кеңінен танылғанын айтты. Президент ТМД-ның ең үлкен байлығы – халықтар достастығы, ортақ мәдени және рухани мұра екеніне назар аударды.

"Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа құрылымы қалыптасып келеді. Жаһандық экономикалық байланыстар жүйесі күйрей бастады. Технологиялық бәсеке күшейді, белгісіздік белең алып, алдағыны болжау қиындай түсті. Мұндай жағдайда тікелей және сенімді диалог өрбітіп, әр мемлекеттің мүддесін ескеретін ортақ шешім табу ерекше маңызды. Достастықтың ұдайы сұранысқа ие ұйым болуының бірден-бір себебі осы деп ойлаймын. Мерейлі жылда Алматы декларациясындағы қағидаттарға тағы бір назар аударып, жүріп өткен жолымызды қайта зерделеуді және келешек міндеттерді айқындауды ұсынамын", – деді Қазақстан президенті.

Фото: Ақорда

Қараша айында Алматыда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен аталған тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толуына орай халықаралық конференция өтеді. Тоқаев ТМД мемлекеттерінің ғалымдарын, құқықтанушыларын, тарихшылары мен сарапшыларын конференция жұмысына белсенді түрде қатысуға шақырды.

Президент басты ықпалдастық бағыттарына тоқталды. Ең әуелі, ТМД-ның ұзақмерзімді басымдықтарын белгілеу қажет деп мәлімдеді. 

"ТМД дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан көбіне бір-бірімен сәйкеспейді. Олардың бәрін біріктіріп, өзара байланысты біртұтас жүйе түзген жөн. Келешекте Достастықтың қандай болғанын қалаймыз? Еуразиядағы геосаяси архитектура жылдам өзгеріп жатқан кезеңде оның орны қандай болмақ? ТМД-ға мүше мемлекеттер осы сауалдардың нақты жауабын табуымыз қажет. Сондықтан Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізеді", – деді Президент.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының пікірінше, экономикалық ықпалдастықты тереңдету және индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдіру ерекше маңызға ие. Бұл ретте ол Қазақстан ТМД елдерінің нарығына әдеттегідей басымдық беретінін айтты – еліміздің сыртқы сауда айналымының ширегінен астамы Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесінде. 

"Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерімен сауда айналымы 40 миллиард долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10 пайызға өсті. Бірлескен өндірістерді ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 миллиард доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі. Сондай-ақ, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев қатысты.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау